НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Гандболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалында Қазақстан құрамасы Жапониямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, қазақстандық қыздар А тобында сынға түсті. Алдымен Сингапурден 33:18, Гонконгті 31:29, Өзбекстанды 31:28 есебімен жеңсе, Оңтүстік Кореяға 20:40 есебімен жол берді. Осылайша өзінің тобында екінші орын алды.
Ал В тобында Жапония бірінші орын алса, Иран екінші орынға тұрақтады.
Енді жартылай финалда 23 қыркүйекте Жапония мен Қазақстан, Иран мен Оңтүстік Корея шеберлік байқасады. Жеңімпаз құрамалар 25 қыркүйекте финалда кездессе шықса, жеңілгені сол күні 3-орын үшін тартысқа түседі.
Айта кетсек, құрлықтық дода 1987 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұған дейін Оңтүстік Корея 14 мәрте чемпион атанды. Ал Қазақстан құрамасы 2002 және 2010 жылдары екі мәрте жеңімпаз тұғырынан көрінді. Ал Жапония бір мәрте алтыннан алқа тақты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.