Гандболдан Қазақстан чемпионатының төртінші кезеңі аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде гандболдан әйелдер арасында ел біріншілігі жоғары лигасының төртінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Гандболшылар шешуші матчтарды батыл әрі сенімді бастады. Қыздар кездесу барысында тартысты да қызықты ойын үлгісін көрсетті. Жалпы қатысушылардың басым көпшілігі 14-16 жастар аралығындағы спортшылар.

Жарыс кезінде гандболдан Қазақстан  федерациясының өкілдері қатысушыларды сертификаттармен марапаттап, кішігірім ескерткіштерді сыйға тартты. Сонымен қатар, гандболдан еліміздің құрама командасына үздіктер іріктелді.

«Бүгін барлық командалар бір деңгейде ойнап жатыр, оларды дивизиондарға бөлуге болады. Жоғары лига 11 командадан тұрады. Келесі жылы 3 лига -  супер лига, жоғары лига және бірінші дивизион додаға түсетін болады. Бұл қуантарлық жайт, біз 25 жылда 25 команда құрдық. Қазіргі таңда, елімізде гандбол қарқынды дамып келеді. Бүгін, мемлекеттік құрама командасына үздік ойыншылар іріктелді, енді олар Азия чемпионатына дайындалатын болады. Меніңше, жаңарған жас команда халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізеді, - деп қорытындылады  гандболдан Қазақстан  федерациясының президенті Гүлнәр Исмағұлқызы.

Айта кетсек, чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 11 команда екі топқа бөлінген болатын. Жарыстың соңғы күні келесі ұжымдар өзара мықтыны анықтады:

Жоғары лиганың  төртінші кезең нәтижелері:

I - «Қазығұрт» (Шымкент)

II - Алтай (ШҚО)

III - «Солтүстік» (Павлодар)

IV - КДЮСШ № 3 (Алматы)

V - КИВС «Астана» (Астана)

VI - «Қостанай» (Қостанай)

VII - «Іле» (Алматы обл.)

VIII - «Қарағанды» (Қарағанды)

IX - «Қандыағаш» (Ақтөбе облысы.)

X - «Қайсар-КАМ-КГУ» (Қызылорда)

XI - СДЮШОР № 5 (Астана)