Гандболдан Қазақстан қыздар құрамасы Азия ойындарын жеңіспен бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Гандболдан Қазақстан қыздар құрамасы 2018 жылғы Азия ойындарын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі мәлім еткендей,  Азия ойындарында командалық спорт түрлерінен іріктеу айналымдары бүгін басталып кеткен. Алғашқы іріктеу сынында гандболдан Қазақстан қыздар құрамасы Үндістан құрамасымен кездесіп, қарсыластарынан 36:19 есебімен басым түсті.

Қазақстандық команда сапынан Дана Әбілда ең көп ұпай жинады, ол қарсылас қақпасына 8 доп соққан. Сондай-ақ, Ольга Танкина мен Валерия Караваева тиісінше 6 және 5 доптан соқты.

Азия ойындарында Қазақстан құрамасы Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Үндістанмен бір топқа түсті.

Команданың келесі кездесуі 16 тамыз күні Қытайға қарсы өтеді.