НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Олимпиадаға іріктеу сатысындағы екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іріктеу ойындары Мажарстанда өтуде. Қазақстанның қарсыластары - Мажарстан, Ресей және Сербия құрамалары.
Алғашқы ойында қаазқстандық гандболшылар Мажарстаннан 19:46 есебімен жеңіліп қалды.
Ал Ресей Сербияны 29:24 есебімен тізе бүктірді.
Екінші кездесуде құрамамыз ресейлік спортшыларға лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде 17:16 есебі тіркелсе, екінші кезеңде 10:16 есебімен есе жіберді. Ойын нәтижесінде қарсыласына 26:33 есебімен жол берді.
Аталған топтағы Мажарстан Сербияны 31:23 есебімен тізе бүктірді.
Енді Қазақстан құрамасы 21 наурызда Сербиямен шеберлік байқасады.
Естеріңізге сала кетелік, құрамамыз 2008 жылы Олимпиада ойындарында бақ сынап, жалпы командалық есепте оныншы орынға табан тіреген болатын.
Айта кетейік, Қазақстан Токио Олимпиадасына 100 жолдама иеленуді жоспарлап отыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.