АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында гандболдан жасөспірім қыздар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додаға барлығы бес құрама қатысты. Олардың қатарында Қазақстаннан өзге Үндістан, Иран, Өзбекстан және Таиланд құрамалары болды.
Төртінші ойында Қазақстан құрамасы Өзбекстан қыздарын 29:22 есебімен тізе бүктірді.
Бұған дейін Қазақстан қыздары Таиланд (28:20) және Иран (30:24) құрамаларын жеңді.
Бүгін Үндістанға 21:29 есебімен жол беріп қойды.
Осылайша қазақстандық гандболшылар 6 ұпаймен екінші орынды місе тұтты.
Дәл осындай ұпай жинаған Үндістан ұпай айырмасымен бірінші орын алса, Иран үздік үштікті түйіндеді.
Нәтижесінде әлем чемпионатына Үндістан жолдама алды.
Қазақстан қыздары құрлықтық додада бұған дейін бір мәрте күміс (2007 жыл), үш мәрте қола (1998, 2011, 2015 жыл) жүлдегер атанды.
Құрлықтық додада жеңімпаз атанған құрама әлем чемпионатына жолдама алады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.