Ғани Бейсембаев: Мұғалімдерді артық жұмысқа тарту күрт төмендеді

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Білімге қатысы жоқ дүниелерді мұғалімге жүктеу білім саласынан күтетін нәтижеге қасақана нұқсан келтірумен пара-пар. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

– «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан бері мұғалімдерді артық жұмысқа тарту күрт төмендеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2020 жылдары мұғалімдерді артық жұмысқа тартуға қатысты 30-дан аса шағым түсетін болса, бүгінде жылына 4-5 шағым ғана келеді. Әрине, біз үшін бұл да көп. Ол немен байланысты? Бұл – кейбір өңірде әкімдіктердің немесе Білім басқармаларының заңға қатысты нормаларды толыққанды түсінбейтіндігі немесе орындамай отырғанының белгісі. Осыған қатысты әкімдіктерге не басқармаларға ескерту беріп отырамыз. Яғни, заң болғандықтан оны орындау – міндет. Заң орындалуы, бұзылмауы тиіс, - деді министр.

Оның пайымынша, мұғалімнің ең басты міндеттерінің бірі – балаға сапалы білім беру. Ұстаз еш нәрсеге алаңдамауы тиіс. Одан балаға сапалы білім беруін ғана сұрау қажет.

– Білімге қатысы жоқ дүниелерді мұғалімге жүктей берудің өзі мемлекеттің білім саласынан күтетін нәтижесіне қасақана нұқсан келтірумен пара-пар. Біз оны да түсінуіміз қажет. Осы мәселені орындайтын тиісті органдардың жауапкершілігін қатаңдатуды талап етуіміз қажет. Бүгінде басты мәселе – жергілікті атқарушы органдардың жазылған ережелерді, заңнамалық ережелерді, заң нормаларын бұзбай сауатты, толыққанды орындауына байланысты. Әрине, әр өңірдегі жағдайға Сапаны қамтамасыз ету департаменттеріміз арқылы бақылау жүргізіп, оны толық қадағалап отырамыз. Мәселе көтерілген жағдайда министрліктің тиісті алгоритмі арқылы шара қолданылады, - деді Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оқу-ағарту министрі еліміздегі барлық білім ордасы заманауи «Келешек мектептеріне» айналатынын айтқан еді. Сондай-ақ Ғани Бейсембаев Қазақстандағы мектептер бір ауысымды оқыту жүйесіне қадам басқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге сұхбат барысында он өңірдегі ескі, апатты жағдайда тұрған мектептер жаңартылатыны белгілі болды.