Гаражын есірткі қоймасына айналдырған семейліктен 154 кг марихуана тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: polisia.kz

Мамыр айының басында Семей қаласында кешендi жедел-іздестіру мен арнайы іс-шаралар нәтижесінде елдің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген каннабис тобына жататын есірткінің арнасы жойылды.

Жүргізілген тінту шаралары барысында 35 жастағы жергілікті тұрғынның гаражынан жалпы салмағы 154 килограмм болатын аса ірі көлемдегі марихуана анықталып тәркіленді. Есірткі одан әрі Абай облысы аумағында тарату мақсатында целлофан қаптамаларына оралған.

— Қазір Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар барлық күдіктіні анықтау және ұстау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ ескертеді: есірткі жеткізу арналарын құрудың кез келген әрекеті қатаң түрде тоқтатылады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Бұдан бұрын Алматыда 20 жастағы курьерден 2,5 келі есірткі тәркіленгенін жаздық.