«Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы тоғыз валентті «Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Гардасил 9» адам папилломасы вирусының тоғыз типінен қорғайды. Олар – 6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58 типтері.

– Қазіргі уақытта елімізде тоғыз валентті «Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл вакцина адам папилломасы вирусының тоғыз типіне қарсы қорғаныс қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Айгүл Шағалтаева.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцина мемлекет есебінен тегін салынатынын, бүгінге дейін 265 мыңнан астам қыз баланың екпенің алғашқы дозасын алғанын хабарлаған еді.