Ғарышта қалып қойған Starliner астронавтары қашан үйіне оралады

АСТАНА. KAZINFORM — Жер орбитасында тұрып қалған америкалық ардагер ғарышкерлер Суни Уильямс пен Батч Уилмор келесі жылы ғана Жерге оралады, деп хабарлады BBC NASA мәліметіне сілтеме жасап.

Фото: NASA

Осылайша Boeing компаниясы шығарған Starline кемесінің Халықаралық ғарыш станциясына алғашқы сапары сәтсіз деп танылды.

Уильямс пен Уилмор үйге жоспарланғандай бір апта өткенде емес, 8 айдан соң оралады. Олар Starliner-де емес, Boeing-тің басты бәсекелесі — Илон Масктың америкалық SpaceX компаниясының кемесімен ұшып келеді. 

«Олар ХҒС-71 және ХҒС-72 экспедицияларының экипажында 2025 жылдың ақпанына дейін жұмысын жалғастырады. Содан кейін SpaceX жолдаған Сrew-9 миссиясының өзге екі мүшесімен бірге Dragon ғарыш кемесіне мініп үйге қайтады», — деді америкалық ғарыш агенттігі.

Ал Starliner жерге бос оралады.

«Түйіскен кемені ғарыш станциясынан ажырату қыркүйек айының басында жүзеге асады. Starline қауіпсіз, бақыланатын автономды атмосферада кіріп қонады», — деп хабарлады NASA.

Boeing пен SpaceX ресейлік «Союзды» алмастыруға арналған ғарыш аппараттарын құру құқығы үшін жарысып жатыр. Олар сонау 2014 жылы NASA-мен миллиардтаған долларлық келісімшарт жасаған. 

SpaceX халықаралық ғарыш стансасына тоғыз экспедиция жіберіп үлгерді, ал Boeing-ке тиесілі Starliner үшін бұл алғашқы сапар еді.

Миссия әу бастан-ақ техникалық қиындықтарға тап болды: жанармай жүйесінен бес мәрте гелий ақты, ХҒС-ға қону кезінде 28 маневрлік қозғалтқыштың бесеуі істен шықты.

Маусым айынан бастап NASA және Boeing инженерлері жиналған деректерді талдауға тырысты, ұшу және жер сынақтарын өткізді, тәуелсіз сараптамаларға тапсырыс берді. Сонда да экипаждың Starliner-мен қайтып келу қауіпсіздігіне көз жеткізу мүмкін болмады.