Гарри мен Меган шығындары мен қызметкерлерін қысқартты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та тұрып жатқан Ұлыбритания ханзадасы Гарри мен жары Меган Маркл шығындарды азайту мақсатында бірқатар қызметкерін жұмыстан босатты.
Батыс басылымдарының мәліметінше, ерлі-зайыпты сән-салтанатты өмір салтын ұстауда қиындыққа тап болған. Олар өздерінің пиар-командасымен жұмысын тоқтатып, бірнеше ішкі өкілдерінен де бас тартқан.
Page Six дерегінше, 2020 жылдан бері танымал жұптың 25-тен астам қызметкері жұмыстан кеткен немесе қысқартылған. Кейбір кадрлық өзгерістер әлі ресми жарияланбаған.
Сондай-ақ олардың Netflix-пен жасалған келісімшарты да аяқталуға жақын. Келісім сомасы түрлі дереккөздерге сәйкес 20-дан 100 млн долларға дейін жетеді.
Меган мен Гарридің кей жобалары сәтті шыққанымен, «Асау жүрек» және «Поло» сияқты бастамалары көп қызығушылық тудырмады. Оған қоса, олардың қауіпсіздігіне жылына шамамен 2 млн доллар, ал Калифорниядағы Монтецитодағы үй салығына 300 мың доллар жұмсалады.
Fox News телеарнасы ханзаданың соңғы жылдары көптеген досымен байланысы үзілгенін, өз орнын таба алмай жүргенін хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, Гарри отанын сағынып, Калифорнияда өзін жайсыз сезінеді.
Айта кетейік, биылғы ақпанда Трамп Меган Марклды қорқынышты десе, ханзада Гарриді АҚШ-тан депортацияламауға уәде берген.