Гарвард 60 млн доллар грантынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Денсаулық сақтау министрлігі Гарвард университетіне бөлінген бірнеше көпжылдық гранттарды қаржыландыруды тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Бұл туралы АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде (X) жариялаған хабарламасында айтылды.
— АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі жоғары білім саласындағы азаматтық құқықтарды қорғау үшін батыл шаралар қабылдап жатыр. Гарвард университетінің антисемиттік қысым мен нәсілдік кемсітушілікпен күресе алмауы салдарынан министрлік бірнеше көпжылдық гранттарды бөлуді тоқтатады, — деп мәлімдеді министрлік.
Мәлімдемеге сәйкес, гранттардың жалпы сомасы шамамен 60 миллион доллар болды.
Бұған дейін Гарвард университеті екі есеп жариялаған болатын — бірі кампустағы антисемитизм мен Израильге қарсы көңіл-күйге, екіншісі — исламға қарсы көзқарасқа қатысты. Гарвард президенті Алан Гарбер университеттің студенттер мен қызметкерлердің үмітін ақтай алмағаны үшін кешірім сұрады.
Сәуір айының ортасында АҚШ Білім министрлігі Гарвардқа бөлінетін федералды гранттарды тоқтататынын мәлімдеді. Бұған себеп — университеттің министрлік талаптарын орындаудан бас тартуы, оның ішінде «студенттер мен қызметкерлердің көзқарасын» тексеруге қатысты аудит өткізу талабы болған.
Одан кейін Дональд Трамп Гарвардты арнайы салық мәртебесінен және шетелдік студенттерді қабылдау мүмкіндігінен айыру қаупін төндірді.
Университет президент әкімшілігін сотқа беріп, қаржыландыруды қалпына келтіруді талап етті.