Гарвард, Питсбург және Дьюк университеттерінің сарапшылары Астанаға келді
Бүгін Партнерс Гарвард медикал интернешналдың вице-президенті Брюс Даутон, Питсбург университеті МакГоуэн институтының директоры Алан Рассел және Дьюк университетінің Фукуа бизнес мектебі деканының орынбасары Дэниэл Р. Нейги журналистермен баспасөз мәслихатында кездесті. Олар Астанадағы жаңа жоба айналасындағы ұйымдастырушылық жұмыстар жайында әңгіме өрбітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астанадағы жаңа университет аталмыш университеттермен бірігіп жұмыс атқару бойынша әріптестік орнатқан. Делегация Астанада құрылғалы жатқан халықаралық деңгейдегі университеттің даму тұжырымдамасы мен стратегиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізетін болады. Мамандарға зәру салаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында еңбек нарығы саралауға алынады және медициналық мектепті құруға байланысты талдаулар жасалады.
Фукуа бизнес мектебі деканының орынбасары Дэниэл Р. Нейгидің айтуынша, жоғарғы оқу орындары арасындағы әріптестік бірнеше сатыда жүрмек. «Алғашқы сатылардың бірі - нарықтағы сұранысты бағалау. Қазақстанның іскер топтарына қажетті мамандықтар мен сұранысқа сай білім беру», дейді Д. Нейги.
Делегаттар Астанада бір апта көлемінде жұмыс жасайды. Сапар қорытындысында жүргізілген зерттеулер мен сараптамалардың толық есебі жарияланады. Аталмыш есептің негізінде Астананың жаңа университетінің стратегиясы құрылады.
«Биыл біз алғашқы базалық курсты бастаймыз, ол Foundation деп аталады. Сондай-ақ Лондонның Университеттік колледжі (University College London) оқу орнымен келісімге қол қойдық. Әлемдік рейтингіде төртінші орында келе жатқан бұл университет бізге осы бағдарламаны жасап береді», - деп атап көрсетті журналистерге Астананың жаңа университетінің вице-президенті Қадиша Дайырова. Оның айтуынша, университетті ашу ағымдағы жылғы шілденің басына жоспарланып отыр. Ал қыркүйекте студенттерді колледждің оқытушылары базалық бағдарлама бойынша оқыта бастайды.