Гарвардта қанша қазақстандық білім алып жүр

Фото: Фото: thecollegepost.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі Гарвардты шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айыру туралы шешімге пікір білдірді. 

– Гарвард университетіне қатысты бізге сауалдар түсіп жатыр. Біз тек мына ақпаратпен бөлісе аламыз: бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвардта 7 адам білім алуда. Басқа бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет бізде жоқ. Мұндай жағдайлар бойынша тиісті сұраулар жолданады, - деп жазды министрліктің ресми өкілі Олжас Беркінбаев Facebook желісінде. 

Еске сала кетсек, Трамп әкімшілігі Гарвардты шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды. Университет енді студенттік виза алуға қажетті құжаттарды бере алмайды. Қазірдің өзінде оқып жатқан шетелдіктер басқа университеттерге ауысуға мәжбүр болады, әйтпесе олар депортацияға ұшырайды. 

Гарвард бұл шешімді заңсыз деп атап, халықаралық студенттер университет пен елді байытады деп мәлімдеді. Қазіргі уақытта университетте 7 мыңға жуық шетел азаматы білім алыр жатыр – бұл студенттердің жалпы санының төрттен бірін құрайды.

АҚШ Гарвард-қа бөлінетін 2,2 миллиард доллар мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатты. Бұл үшін Гарвард университеті Трамп әкімшілігін сотқа берді. 

Бұған дейін Гарвард кітапханасы мен архиві қазақ ғалымдарына қолжетімді болғанын, Гарвард мамандары Қазақстанның сирек қолжазбаларын цифрландыратынын жазған едік.