Ғарыш қызметі Қазақстанға көптеген салалар бойынша принципті болып табылатын мәселелерді шешуге үлкен жол ашады - Т.Мұсабаев

АНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ғарыш қызметі жері кең Қазақстан үшін геосаяси, экономикалық және ғылыми-тәжірибелік мүдде үшін қажет дүние.

Онысыз елімізде бірыңғай ақпараттық кеңістік құру мүмкін емес. Бүгінде бұл салаға ештеңе де балама бола алмай отыр», деді бүгін Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Астанада «Қазақстанның ғарышты игеру дәуірі: қазіргі жағдайы, стратегия, инновациялар» атты тақырыпта өткен конференция барысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ғарышты игеру адамзат баласына байланыспен көпарналы телевизиялық хабар тарату, түрлі нысандардың орналасқандығын және олардың қимылдарын өте жоғары дәлдікпен анықтау, метеорология мен өзге де көптеген салалар бойынша принципті болып табылатын мәселелерді шешуге үлкен жол ашады. «Зымыран құрылысы саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану зымыранды ұшыру барысында қоршаған ортаға зиян келтіретін заттардың шашылмауына ықпал ететін бірден-бір шара. Қазақстан әлемде ең үлкен ғарыш айлағы бар мемлекеттердің бірі. Соған қарамастан, ол зымыранды-ғарыштық техниканы құрастыратын базасы жоқ елдердің бірі. Оның әлемдегі алдыңғы қатарлы ғарыш державаларымен бірлесіп, қызмет етуге ықыласты болып отырғандығының себебі де осында. Қазақстан үшін ғарышты игерудің қиындығы мен күрделілігі оның бір мезгілде бірнеше мәселені шешу қажеттігімен байланысты болып отыр. Бізге қазір діттеген мақсатымызға жету үшін ғарыш саласындағы халықаралық қатынастарды жолға қоя отырып, зымыранды-ғарыш кешенін қалыптастырып, өзіміздің жер серіктерімізді ұшырып, жерде оған қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, өзіміздің отандық кадрлрды дайындау қажет. Осының барлығын жүзеге асыра отырып, біз әлемдік үдерістен кейін қалмау үшін осы заманғы жетістіктердің барлығынан хабардар болып отыруымыз қажет», деді агенттік төрағасы.

Оның сөзінше, бүгінде жаңа онжылдыққа аяқ басып отырған Қазақстан өзінің экономикалық және сыртқы саясаттағы жетістіктері арқылы өзінің кім екенін көрсетті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан әлемнің көптеген мемлекеттерінің көшбасшылары тұрақтылық пен игіліктің мекені деп қабылдайды. «Жаңа онжылдықтың басымдығы үдетілген индустриалдық-инновациялық дамумен байланысты екені белгілі. Ал бұл міндетті атқару бүгін Ұлттық ғарыш агенттігіне жүктеліп отырған міндеттердің бірі», деді Т.Мұсабаев.