Ғарыш турисі - әнші Сара Брайтман 1 қыркүйекте ХҒС-қа ұшырылмақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығында (ҒДО) қыс мезгілінде орманды-батпақты жерге апаттық жағдайда қону кезіндегі ғарышкердің әрекеттері бойынша автономды кешенді жаттығу өтуде, деп хабарлады Роскосмостың баспасөз қызметінен.

2015 жылдың 19 қаңтары мен 9 ақпаны аралығында өтетін жаттығуға МКС-48/49 (Анатолий Иванишин (Роскосмос), Такуя Ониши (ДжАКСА), Кэтлин Рубинс (НАСА) және МКС-49/50 (Сергей Рыжиков (Роскосмос), Андрей Борисенко (Роскосмос), Роберт Кимброу (НАСА) экипажы, сонымен бірге МКС-45/46 негізгі және қосымша экипажына кіретін Сара Брайтман мен Сатоши Такамацу қатысуда.

Осы аптада олар теориялық және практикалық сабақтардан қыс мезгілінде орманды-батпақты жерге апаттық жағдайда қону кезінде қандай әрекет жасау керектігін үйренеді.

Осыған дейін хабарланғандай, 2015 жылы күзде белгілі британиялық әнші Сара Брайтман Халықаралық ғарыш стансасының бортында 10 күн болып, әлем бойынша ғарышқа ұшқан сегізінші турист атанбақ.

Әнші ХҒС-ға ұшу үшін ғарыш турисі ретінде арнайы дайындықтан өтеді.

Ресейлік ғарышкер Сергей Волков, Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсен және әнші Сара Брайтманнан тұратын экипажы бар «Союз ТМА-18М» кемесі 2015 жылдың 1 қыркүйегінде ұшырылады деп көзделген.