Қазғарыштың баспасөз қызметінің мәлімінше, салтанатты іс-шара барысында ведомство басшысы Талғат Мұсабаев Қазғарыш ұжымын осы айтулы мерекемен құттықтап, Қазақстанның әрбір азаматы өз Отанының келешегі үшін, Конституция қағидаларының сақталуы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс екендігін атап көрсетті.
Жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі Әкімшілік-қаржы департаментінің директоры Т. Шәріпов Ата Заңның негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, мемлекеттік мереке қарсаңында қызметке жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің Антын қабылдау рәсімі өтті. Өз еңбек жолдарын мемлекеттік органнан бастап отырған жас мамандар үшін бүгінгі күн ерекше салтанатты болды.
«Салтанатты жиналыс соңында Қазғарыш төрағасы ерен еңбегімен айрықша көзге түскен қызметкерлерді «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, ғарышкер-сынаушы, полковник Айдын Айымбетовке «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті», - делінген бұл мәліметтерде.
Айта кетейік, Айдын Айымбетов алдағы уақытта Қазақстан атынан ғарышқа ұшатындардың қатарында.