***
Лондонда өткен «Уимблдон» додасы күні кеше ғана өз мәресіне жетті. Осы турнирде кімнің қанша табыс тапқаны туралы ақпарат бұл күндері барша жанкүйерлерді қызықтырып отыр, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Теннисшілердің табысы қанша?» деген тақырыптағы мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, «Уимблдон» турнирінің жүлделік қоры жылдан-жылға артып келе жатқаны баршаға мәлім. Биыл ол 41 миллион АҚШ долларын құрады. Тарқатып айтсақ, жекелеген сайыста бас жүлдені олжалаған теннисшілердің әрқайсысына 2 876 398 доллардан табыс етіледі. Биылғы жарыста сербиялық Новак Джокович пен америкалық Серена Уильямске тең келер ешкім табылмады. Негізі, бүгінгі таңдағы теңдессіз теннисшілердің рейтингінде көш бастап келе жатқан қос мықтының екеуі де әлемдегі ең бай-қуатты спортшылардың қатарына еркін еніп отыр. Мәселен, осы спорт түрін серік еткелі бері 28 жастағы Джоковичтің табысы 80 миллион долларға жуықтады. Ал 33 жастағы Уильямс болса, $65 миллионнан аса қаражатты өзінің жеке есепшотына аударды. Ал одан бөлек, түрлі жарнамалардан түскен қаржыны есепке алсақ, Новак пен Серенаның бұл күндері бақыттан бастары айналып жүргені айдан анық. «Уимблдондағы» өзінің былтырғы көрсеткішін қайталаған Зарина Дияс $183 600 иеленді. Оның сыртында жұптық сайыстың алғашқы айналымында ұтылғаны бар. Сол бәсекеге қатысқаны үшін ғана Зарина $7 932 алды. Нәтижесінде, Лондондағы жарыстан Диас 191 532 доллармен оралды.
Кеңестік дінге қарсы үгіт-насихат сол кездегі космонавтиканың жетістіктерін дінге қарсы барынша пайдаланды. Бірақ кеңестік идеология ғарышты игеру мен Ислам дінінің арасында кереғарлық жоқ екенін, қайта Ислам Алланың атымен ғарышты игеруді барынша құптайтынын елеп-ескермеді, деп жазады аталған басылым «Ғарышта да ораза ұстаған» деген мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, нағыз мұсылман адам кез келген уақытта және кез келген жерде, тіпті ғарышта болса да бес уақыт намаз оқуға, ал егер ұшу сапары рамазан айына сәйкес келсе, ғарышта да ораза ұстауға міндетті. Космонавтика тарихында мұсылман-ғарышкердің ғарышқа ұшуы тұңғыш рет 2007 жылы рамазан айына сәйкес келді. Малайзияның 35 жастағы дәрігері Шейх Мұзафар Шүкір қасиетті рамазан айын ғарышта өткізген тұңғыш ислам өкілі болып тарихқа енді. Ол ұшар алдында ғарышта қалай дәрет алуды, Меккенің қай жақта орналасқанын, намаз оқитын уақыттарды, ең бастысы, орбитада қасиетті Рамазан айында қалай ораза ұстау керектігін үйрететін арнайы шығарылған кітапшаға ие болды. Сонымен қатар ол үшін халал стандартына сай тағамдар әзірленді. Әрине, ғарышта жердегідей үсті-басыңызға толық су құйынып, ғұсыл ала алмайсыз. Ондай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне ғарышта адам басына күн сайын төрт литр су ғана пайдалануға рұқсат. Бұған да исламда жеңілдік бар, су болмаған немесе ол тапшы жағдайда тәямум алса, жетіп жатыр. Малайзияның ұлттық ғарыш агенттігі мен ислам даму департаменті екі күндік конференция нәтижесінде орбитада мұсылманның өзін қалай дұрыс ұстап, ислам талаптарын қатаң сақтау тәртібін белгілеген. Бұл басқосуға сол кезде 150 ғалым дінтанушы мен астронавт жиналып, өзара ақылдасқан екен. Осылайша мұсылман адамның ғарышта да ислам нормаларымен өмір сүруіне толық мүмкіндігі бар. Ислам ғалымдары мен малайзиялық бағдарламашылар ғарышта азан шақырылу, намаз оқу уақытына байланысты әрбір деталіне дейін бағдарлама түзіп қойған. Оған қоса, арнайы құрал ғарыштан Меккені бағыттап көрсетіп тұрады. Тіпті Меккені табу мүмкін болмаған жағдайда, бетті Жердің өзіне бағыттаса жетіп жатыр (Жердің өзінде пойыздың қозғалысына сай жолаушы намазды кез келген бағытқа қарай оқи береді).
***
16 жастағы ақтөбелік бойжеткен әлеуметтік желі арқылы діни ағымға бой алдырған өзі құралпы жігітпен танысып, үш рет сөйлескеннен кейін оған тұрмысқа шығып кетіпті , деп жазады «Экспресс К» газеті «Четыре сбоку - ваших нет» деген мақалада. Басылымның жазуынша, олардың ерлі-зайпты өмірі небары бір айға созылған. Жігіт бойжеткенді талақ етіп, енді оның сыныптас құрбысына үйленіп алыпты.
«Біз Батыс Қазақстандағы жағдайдың тым ушығып кеткенін көріп отырмыз. Жоғары сыныптың қыздары интернет арқылы дәстүрлі емес діни ағымдағы жігіттермен танысады. 2-3 рет хат алмасқаннан кейін неке қию күнін белгілеп қояды», - дейді Дінді зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры Юлия Денисенко.
Оның айтуынша, қауымдастық осындай жағдайға душар болған бір бойжеткенді құтқарып қалған. Ақтөбелік мектеп оқушыларының өмірі жайлы сол айтып берген.
«Қыздардың барлығы мұны құпия түрде жасайды,ата-аналары олардың не істеп жүргендерін білмейді де. Иә, әрине, Құран бойынша ер адамға төрт әйел алуға рұқсат етілген. Бірақ исламды былғап, өздерінің нәпсілеріне бұрмалап алған адамдар осы 4 деген санға ғана жабысып қалған. Шындығында олар әйелдерін үнемі «ауыстырып» отырады», - дейді маман.