Ғарыштан «жауған» темір-терсектер Тынық мұхитына құлады

АСТАНА.  Тамыздың  4-і. ҚазАқпарат - «Қара аспанды төндірген»  «кіші Апокалипсис»  болған  жоқ - аспаннан «жауған»   темір-терсек  жер  бетіне емес,  мұхитқа құлады.   Американдық ғарыш кеңістігін  бақылау  жүйесінің    ақпараты  бойынша,  НАСА  ғарышкерлері    ашық  ғарышқа шыққан  кезде   жоғалтып алған   аспаптардың   сынықтары,

кеше, тамыздың 3-інде Гринвич  бойынша  сағат 13:16-да (мәскеу уақыты  бойынша 17:16-да)  атмосфераның    тығыз қабатына  Тынық мұхитының  үстінде еніп,   суға құлады,  деп  хабарлайды ҚазАқпарат   ИТАР-ТАСС агенттігіне  сілтеме  жасап.

Алғашында темір-терсектер    шілденің 25-інде  «жауады»  деп  күтілген  болатын,  бірақ  ғалымдар   «Х  сағатты»   қайта есептеп шыққан.   Ғалымдар,    аспаптардың     Жердің  қай   нүктесіне   «жауатынын»  айтпаған болатын.

2008 жылдың    қараша айында  американдық  астронавт   Хайдемари  Стефанишин-Пайпер ашық  ғарышқа шыққан  кезде,   аспаптар салынған дорбадан  айрылып қалған  еді.  Сол  жолы НАСА  өкілдері  хабарлағандай,   орташа   рюкзакқа   ұқсайтын      дорба    ғарышта жұмыс істеген  адамдардың «уысынан»  шығып  кеткен  ең  үлкен   нысанның бірі болып отыр.      Ашық ғарышта  әдетте бұрағыш,  қалақ,  т.б.с.с  кішігірім    заттар    жиі  жоғалып  тұрады.