«Ғасыр алаяғы» Ұлыбритания сотында өз кінәсін мойындады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияда биткоиндерді жылыстады деген күдікке ілінген 47 жастағы қытайлық Чжимиин Цянь тарихтағы ең ірі алаяқтық тергеуінің бөлігі аясында өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Euronews.
Тергеу мәліметінше, Чжимин Цянь 2014-2017 жылдары Қытайда ірі көлемдегі алаяқтық ұйымдастырып, өзінің Tianjin Lantian Gerui Electronic Technology компаниясының 128 мыңнан астам салымшысын алдаған. Ол жәбірленушілерге табыстың 300%-ын қайтаруға уәде беріп, ұрланған қаражатты биткоинге айналдырды.
Содан кейін Цянь елден кетіп, Ұлыбританияға кірді, ол жерден таңдаулы жылжымайтын мүлік сатып алды.
Британ полициясы әйелден шамамен 7 млрд доллар көлемінде рекордтық криптовалютаны тәркіледі. Бұл – әлемдегі ең ірі тәркілеу оқиғаларының бірі.
Цянның кінәсін мойындауы британдық құқық қорғаушылардың қытайлық әріптестерімен бірлесіп жүргізген ақшаны жылыстатудың жаһандық схемасына қатысты жеті жылға жуық тергеуді аяқтады.
Өткен жылы оның сыбайласы осы іс бойынша алты жылға бас бостандығынан сотталды, ал Цянның өзіне үкім жақын арада шығарылады.
Тергеу анықтағандай, Цянь өзінің жеке күнделігінде «құдай ана» және «ханшайым» болуды армандағанын жазған.
Бұл атышулы іске деген қызығушылық алаяқтан тәркіленген қаржының болашағына қатысты дау-дамайдан туындап отыр. Ұлыбритания тәркіленген активтерді бюджет тапшылығын жабу үшін қалдыруды көздесе, көптеген қытайлық жәбірленушілер ақшаларын қайтаруды талап етіп отыр.
Бұған дейін ҚХР бұрынғы ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрі Тан Жэнцзянь аса ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасына кесілгенін жазған болатынбыз.
Ал Конгоның экс-президенті Жозеф Кабила сырттай өлім жазасына кесілді.
Кабила әскери қылмыс, мемлекетке опасыздық және адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды.