Алматы қаласында тұратын соғыс ардагері Виктор Изюмников конститутциялық құқығын пайдаланып, үйінде дауыс берді. Қарт майдангер әлі күнге дейін тың, жігерін жоғалтпаған.
— 100 жасқа келіп, ғасыр тойыма жеттім. Еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне мол үлес қостым деп ойлаймын. Бүгін болашақ ұрпақ үшін өз таңдауымды жасадым. Жастарға менің жасымды берсін, — деді соғыс ардагері.
Виктор Изюмников - II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері.
Осыған дейін, Қызылорда облысында 103 жастағы майдангер Яхия Тасыров өз таңдауын жасаған болатын.
Сондай-ақ Алматы облысы, Кеген ауданында тұратын 103 жастағы кейуана учаскеге бала-шағасымен бірге келді.
Айта кетейік, Алматыда жалпыхалықтық референдумда дауыс беру 624 учаскеде жүріп жатыр. Оның 549-ы азаматтарды тұрақты тіркеу орындары бойынша болса, ал 75-і — ауруханалар, санаторийлер және әскери бөлімдер сияқты уақытша орналасқан орындар.
Сондай-ақ, 172 учаскеде тіркеуді тексеру сервистері орнатылады. Олар дауыс берушілер өзін тізімінен таппаған жағдайда қолданылады.
Мегаполисте 1,2 млн астам адам дауыс беруге құқылы.