Гассиев Усикпен өтетін кездесуге Головкинмен бірге дайындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33 КО) бапкері Абель Санчес ресейлік Мурат Гассиев Бүкіләлемдік бокс суперсериясының (WBSS) финалында Александр Усикпен өтетін жекпе-жекке қазақстандық боксшымен бірге дайындалатынын айтты. Бұл туралы ESNEWS басылымы жазып отыр.

Бапкердің айтуынша, Гассиевтің жаттығу жұмыстары бұрынғыша, көп өзгеріссіз өтеді екен. Олар Калифорниядағы "Big Bear" жаттығу залында дайындалады. Дәл осы залда Головкин де дайындық жұмыстарын өткізеді.

Айта кетейік, бірінші ауыр салмақтағы Бүкіләлемдік бокс суперсериясының (WBSS) финалдық кездесуі 11 мамыр күні Сауд Арабиясында өтеді. Ал Головкин болса өзінің келесі кездесуін 5 мамыр күні мексикалық Сауль "Канело" Альвареске қарсы өткізеді.