***
«Міне, осылайша фермерлер қойдың жүнін іске жаратудан күдер үзе бастаған шақта «Бұқар жырау ауданында қой жүнін қабылдап, өңдеуден өткізетін орын ашылыпты» деген қуанышты хабар естідік. Естіген бойда жағымды жаңалықты жұртшылыққа жария ету мақсатында Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалиновпен жүздесуге асықтық. Осындағы «Сұңқар-2005» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабдулсағат Әлімов есімді азаматтың қой жүнін алғашқы өңдеуден өткізуге талап жасап отырғаны рас, деді Шәкең. Оңай шаруа емес. Егер оңай болса бірыңғай қой өсірумен айналысатын Қарқаралы, Ақтоғай, Жаңаарқа аудандары осындай орынды баяғыда ашатын еді ғой. Жабдықтары дайын. Жекелеген құжаттары әзірлену үстінде. Тәуекелге бел буып, сауапты іске ден қойған азаматқа қолдан келген көмегімізді жасаймыз...»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Өңдеу саласындағы маңызды қадам жайындағы мақала «Жібек жүн пайда әкелер күн жақын» атты тақырыппен беріліп отыр.
Осы басылымның жазуынша, кешелі-бүгін бейбітшілікті қалайтын дүние жүзі халықтары көк байрағы желбіреген Қазақстанға құлақ түріп, «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияның жұмысы жайлы хабарды естігенше асығатын болды. Осыдан 21 жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсене араласуымен бұрын қасиетті Абай еліндегі ядролық апат тажалының үні өшірілген еді. Осыған байланысты 27-29 тамыз күндері Астанада, Семей мен Курчатов қалаларында ядролық қарусыз әлем құруға арналған конференция өтетіні алдын-ала белгілі болған. Аса маңызды бұл жиынға әлемдегі 75 елдің үкіметі мен парламентінің өкілдері, 20 халықаралық ұйымдар, 15 елдің бұқаралық ақпарат құралдары қатысқалы отыр. Барлығы 140 адам жиналмақ.
***
Қазақ әдетте сапарлап шыққан адамға «Жолың болсын!» дейді. Жақсы тілектің астары аман барып, сау қайт дегенге сайып тұр. Ал «Жол азабын тартқан білер» деген мәтелді естігенде бойың дір ете қалады. Көз алдыңда ми батпаққа батқан көлігің, боранда тоңған кезің, басқа да жолдан көрген құқайың қорқынышты түстей тұрып алады. Бұл көрініс, әсіресе, Жайық өңірінің жұртшылығы үшін етене таныс, әбден ет үйренген жағдай. Өйткені Батыс Қазақстан - республикадағы қатқыл табанды жолмен қамтылуы жағынан кенжелеп қалған облыс. Көлік күре-тамырының 10 пайызын асфальт жауып жатса, 90 пайызы топырағы бұрқыраған кәдімгі қара жол. Жалпы, газды өңірде қатқыл табанды жамылғылы жол алты ауданда ғана бар... Бұл жайында толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Жол азабы жолаушыға таныс, жетейін десем, ауылым алыс...» деген тақырыптағы мақаласында баяндалған.
«Жасыратыны жоқ, қазір еліміздің екі магаполисі - Алматы мен Астананың құрылыс алаңдарын гастарбайтерлерсіз көзге елестеті алмайтындай жағдайға жеттік. Атауы құлаққа түрпідей тиетін, небір ұлт өкілдерінен тұратын «гастарбайтерлеріңіз» ата қонысымыздың түкпір-түкпірін шарлап жүр. Әйтсе де «сен қайдан келдің?», «қайда кеттің?» деп қадағалап жатқандар шамалы. Соның салдары - қара базарымыз құжынаған қырғыздарға толды, ұйғыр, дүнген, өзбектердің ұлттық тамақтары самсаған асханалардан қалай ас ішіп жүргенімізді өзіміз де байқамай қалдық», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Гастарбайтерлер қазақтың көсегесін көгерте ме?» деген тақырыптағы мақаласында.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ресейліктер Ислам дінін жан-жақты насихаттап, халық арасында оңтайлы пікір тудыру үшін бірқатар іс-шараларды қолға алмақ. Бұл жөнінде Ресей асатанасында өткен Мүфтилер кеңесінде белгілі болды. Кеңестің жаңа төрағасы Равиль Гайнутдин елде Ислам дінінің имиджін қалыптастыру үшін арнайы мұсылмандық мультфильмдер түсірілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ бас мүфти халықтың көзі мен құлағына айналған журналистер қауымына да Ислам дінін толықтай түсіну үшін арнайы ескерпелік құжат дайындалатынын да тілге тиек етті. Бұл жайындағы мақала газеттің бүгінгі санында «Ресейде мұсылман мультфильмі шығады» деген тарыппен басылып отыр.
***
Табысы жақсы отандық эстрада жұлдыздарының қатарына еніп отырған Мәдина Сәдуақасова тапқан қаражатын қайда жұмысайтынын айтып берді. «Время» газетіне берген сұхбатында ол тапқан қаржыны өзінің шығармашылығына жұмсайтынын жеткізді. «Шынымен де менде жұмыс өте көп. Алайда, барлық тапқанымды өзімнің шығармашылығыма жұмсаймын. Атап айтқанда, өлең жазуға, киім тіккізуге бағытталады. Қазіргі кезде клип түсіріп жатырмын. Осы бейнебаян шамамен 30 мың АҚШ долларын құрамақ. Яғни бұл арзан іс емес», деді әнші.