Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.
Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген «Мерседес» автобусы Мәскеуден Өзбекстан Республикасына бара жатты. Оның жүргізушісі - Қырғыз Республикасындағы Ош қаласының тұрғыны. Тексеріс кезінде оның жолаушыларды автобусты шығарған зауыт белгілеген отыру орындарынан шамадан асырып тасымалдағаны анықталды. 47 орында 100 жолаушы отырды, яғни 53 адамға көп болды. «Мерседес» автобусының жүргізушісіне қатысты жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама жасалды. Артық жолаушылар автобустан түсіріліп, басқа автобустармен жіберілді. Аталған көлік құралын жол полициясының экипажы Жамбыл облысының шекарасына дейін шығарып салды.
Қарағанды облысының аумағына шығу кезінде бұл күні осы «Мерседес» автобусын жол полициясының қызметкерлері тоқтатқан болатын. Артық жолаушылар Осакаровка кентінде түсірілді. Автобустың жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Қырғызстанның мемлекеттік нөмірлері бар «Сетра» автобусы Сургут қаласынан Бішкекке жол жүріп бара жатқан болатын. Автобустың салонында жүргізуші жолаушылардан басқа көп жүкті тасымалдаған. Бұл ретте жүктің автобус салонының жартысынан көп жерін алғанын айта кету керек. Оған қоса автобус заңсыз қайта жабдықталған, оның алдыңғы бөлігінде жататын орындар болды. Автобустың жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 463 бабымен хаттама толтырылды.