Гастелло ерлігін қайталаған қазақ - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Биылғы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қазақтың тағы бір арыс ұлы туралы тың дерек қолға тиіп, соны қалың жұртқа жеткізбек ниеттеміз» деп жазады бүгін «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл батыр - Нұрман Ысқақбайұлы Туғанбаев. Басылымның хабарлауынша, Нұрман Туғанбаев Алматы облысы, Жамбыл ауданының Аққайнар ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы ұшқыштар дайындайтын училищеге түсіп, оны үздік бітіріп шығады. 1939 жылы облыстық әскери комиссариаттың шақыруымен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. «Аш қасқырдай анталаған жауды қарыс қадам бастырмай, қадамын аштырмай, жайратып жүрген жалын жүрек жігіт 1944 жылдың 5 тамызында ұшағына қарсыластың зенитті артиллериясынан атылған снаряд тиіп мерт болады. Отқа оранған әуе кемесі тапсырманы аяғына жеткізіп барып, жерге құлапты. Бұл туралы ЯО-000001 №59065 куәлікте тайға таңба басқандай көрсетілген» делінген мақалада. Н.Туғанбаевтың ерлікке толы қыршын өмірі туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Гастелло ерлігін қайталаған қазақ» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газеті сондай-ақ бүгін Қазалы өңірінің жеке кәсіпкері Нұрбек Қазбергеновтің кәмпит өндірісі туралы жазады. «Әзірлеген өнімдерінің жоғары сапасымен атағы Сыр өңірінен асып өзге аймақтарға танылған Қазбергеновтер ерекше кәмпиттің жалбыз (ащы), барбарис, саломка (бор кәмпит), ала кәмпит өзге де түрлерін дайындайды. Бұлардың арасында қолдан дайындалатыны да, арнайы қондырғымен жасалатыны да кездеседі. Қазбергеновтер 20-ға тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оларға кідіріссіз жалақы төлеу, зейнетақы қорына қаржы аудару, тағы басқа төлемдер шешімін тауып, еңбек шарты да заңға сәйкес жасалған» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырық басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Қазалының конфеті Қазақстанға тарайды» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газеті бүгін «Ынтымағы жоқ елден ырыс кетеді» атты мақала ұсынып отыр. «Осы уақытқа дейін екі рет саяси дағдарысты басынан өткізген Украина бүгін ұшпаққа жетті ме? Бұрынғы қалыптасқан нарықты бұзып, Еуроодаққа мүше болғысы келген елдің бүгінгі әлеуметтік халі өте нашар екенін айтпай-ақ ұғуға болады. Ел экономикасының осыншама төмен құлдырауының себебі неде? Ең біріншіден, мемлекетте тұрақтылықтың болмауы. 2004-2005 жылдардағы саяси дағдарыстан кейінгі ел ішіндегі 10 жылғы со-зылған бақталастық пен тақ таластардың әрекеті 2014 жылы тағы бір мемлекеттік төңкеріске алып келді. Билікке еуропашыл жаңа топ келгенімен, арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, жағдай жақсара қойған жоқ» деп жазады басылым. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы осы мақаладан толығырақ оқып, біле аласыздар.

***

«Экспресс К» басылымының хабарлауынша, бірнеше күн бұрын Алматыда аяқ асты жоғалған Санжарбек Әрзиевтің денесі Есентай өзенінен табылған. «Санжарбек өзінің туған күнінде, яғни, 30 сәуір күні достарымен сауық кешіне бара жатып, жолда ізім-қайым жоғалған. Полиция көшедегі бейне бақылау камераларының жазбасына қарап, бозбала өзенге құлап кетуі мүмкін деген тұжырым жасаған. Осылайша, қаланың ішкі істер департаменті табиғи ресурстар басқармасына өзеннің ағынын азайтуды тапсырған. Іздеу жұмыстары кезінде марқұмның денесі өзеннің Рысқұлов даңғылына таяған жерден табылған. Қазір қосымша шаралар жүргізіліп жатыр» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Экспресс К» газетінің бүгінгі санындағы «День рождения страшный праздник» атты мақаладан оқи аласыздар.