Гауптвахтада тәртіп болуы қажет - Бас әскери прокуратура

АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бас әскери прокуратура төтенше жағдайлар және санитарлы-эпидемиологиялық қадағалау органдарының аймақтық бөлімшелеріндегі мамандарымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қарулы Күштерге қарасты әскери полиция органдары гауптвахталарының қызметіндегі заңдылық жағдайын тексерді.

Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, тексерулермен ведомстволық нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаға қарама-қайшылығы, гауптвахта ғимараттары мен бөлмелерінің талаптарға сәйкес келмейтіні, санитарлы-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталмайтыны анықталды.

Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша Қорғаныс министрінің 2 және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 1 бұйрығының күші жойылып, Қорғаныс министрінің 1 бұйрығына тиісті өзгертулер енгізілді.

Анықталған заңнама бұзылуы бойынша аталған ведомство басшыларының атына талаптарға сәйкес келмейтін гауптвахталардың қызметін тоқтату туралы мәселені шешу керектігімен бірге ұсыныс енгізілді.