Гавай аралдарында құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Гавай аралдарындағы күрделі құтқару және қалпына келтіру жұмыстары туралы АҚШ төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агнеттігінің (FEMA) басшысы Динна Крисуэлл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілішісі.

Фото: Anadolu Agency

Байден әкімшілігі бүкіл үкіметтің күш-жігерін Мауидегі өртке жұмылдырды.

Америкалық шенеунік аралдағы жағдай күрделі екенін, FEMA іздеу-құтқару қызметтері жергілікті билік органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Табиғи апаттың салдарын жоюға 700-ден астам адам жіберілді, олардың 600-ден астамы аралда.

Апат аймағына америкалық Қызыл Крест және «United Way» еріктілер ұйымы медициналық көмек көрсету, азық-түлік, су, гигиеналық заттар және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін екі бригада жіберді.

Зардап шеккен аудандарда жоғалған адамдарды анықтау үшін жүздеген іздеу-құтқару бөлімшесіне қосымша 40-қа жуық кинологиялық іздеу тобы тартылды.

АҚШ билігі зардап шеккендерге 2,3 миллион доллар көлемінде көмек бөлді және көмек алу үшін 1300-ден астам өтінішті мақұлдады.

Тірі қалғандар үшін қиын жағдайларда қаржылық қолдау көрсету және уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама іске қосылды. Зардап шеккендерді тіркеу FEMA-да веб-сайт арқылы (DisasterAssistance.gov) және телефон арқылы (1-800-621-3362) жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігінен 30 патологоанатом маманы Мауиде жүр. Оларға таяу уақытта қаза тапқандардың кім екенін анықтауға көмек көрсету үшін АҚШ Қорғаныс министрлігінен сарапшылар қосылады.

Қоршаған ортаны қорғау агенттігі мен АҚШ әскерінің инженерлік корпусы зардап шеккен аудандардың аумағын тазалау бойынша жұмыстар ұйымдастырады.

Гавай аралдарындағы жағдай АҚШ президенті Джо Байденнің бақылауында. Оған құтқару және қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы үнемі баяндама жасап жатыр.