Газ 2070 жылға дейін де, одан кейін де қолданылады — SOCAR президенті

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Газ 2070 жылға дейін де, одан кейін де қолданылады. Мұндай пікірді Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында SOCAR президенті Ровшан Наджаф айтты.

— Мұнай мен газ қажеттілігі бірнеше ондаған жыл бойы сақталады. Тек газға келер болсақ, ол кемінде 2070 жылға дейін және одан кейін қолданылады. Сондықтан да газ саласындағы жобаларға инвестиция құйып жатырмыз. Осыдан 3 жыл бұрын Еуропадағы серіктестеріміз газ жеткізу көлемін арттыру өтінді. Біз еуропалық серіктестеріміз тарапынан құбыр инфрақұрылымын кеңейтуге қаржылай қолдау болған жағдайда 2 есе ұлғайтуға келістік.  Өйткені, қазіргі газ дәлізінің инфрақұрылымын Әзербайжан серіктестерімен бірге қаржыландырып, аталған жобаға қатысты тәуекелдерді өз мойнына алды, — деді ол.

Оның айтуынша, 2022 жылға дейін Әзербайжан тарапы қолданыстағы газ құбырларының инфрақұрылымын кеңейтуі жоспарлаған емес. 

— Дегенмен, газ құбырының тұрақтылығын сақтау, мол көлемді газ жөнелту үшін Еуропадағы серіктестермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен Еуропа одағының қаржы институттары тарапынан қолдау қажет. Еуропалықтар 2030, 2035 жылдарға дейін газ керектігін айтқанымен көміртегі жобаларын қаржыландыруға құлықты емес. 1 жылға ғана газ жеткізіліміне инвестиция құю мүмкін емес. Сондықтан да газ саласында ұзақмерзімді инвестиция қажет. Еуропалық серіктестер тарапынан ынтымақтастық болған жағдайда газ жеткізу көлемін арттыруға дайынбыз. Бірақ, бірінші кезекте ұзақмерзімді келісімшарттар қамтамасыз етіліп, одан соң инфрақұрылымды кеңейтуге бірлескен инвестиция құю қажет, — деді Ровшан Наджаф.

Форум барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания үшін аса маңызды бағыттарды атаған еді.

Айта кетейік, форумға Қазақстан Үкіметінің мүшелерімен қатар, Орталық Азия елдерінің ресми делегациялары, халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік және ұлттық энергетикалық компаниялардың топ-менеджерлері, жетекші сарапшылар мен ғылыми орта өкілдері қатысып жатыр. KEW-2025 бүгінде энергетика саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылап, жаңа шешімдер ұсынатын әрі өңірлік және жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды халықаралық алаң ретінде ерекшеленуде. Биылғы іс-шараға 50-ден астам мемлекеттен 2,5 мыңнан астам делегат пен 300-ден астам ірі компанияның өкілдері жиналды.