Газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $108 млн шығын келтірді

Фото: Фото: "Тахиаташ ЖЭС" АҚ баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жыл басынан бері «Өзэнергоинспекция» мамандары жүргізген тексеру нәтижесінде электр энергиясы мен газды заңсыз пайдаланудың 8 289 фактісі анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Заң бұзушылық салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 1,4 трлн сумнан (шамамен $108 млн) аса шығын келді.

Атап айтқанда, электр энергиясы жүйесіне заңсыз қосылу нәтижесінен болған залал - 730,1 млрд сум ($56 млн). Ал табиғи газды ұрлау салдарынан 679,1 млрд сум ($52 млн) шығын болды.

Анықталған жағдайларға байланысты 51 автогаз құю станциясының лицензиясы тоқтатылды. Энергоресурстарды пайдалану ережесін сақтамау бойынша 9 084 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, инспекцияның нұсқамасын орындамаған тұтынушыларға қатысты 1 523 хаттама толтырылды.

Еске салайық, бұған дейін электр энергиясы мен газды заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $12,4 млн шығын келтіргенін жазып едік.

Сонымен қатар, Өзбекстанның сыртқы қарызы 60 миллиард доллардан асты.

Мұнымен бірге, таяуда Өзбекстанда $2,6 млн криптоактивіне заңсыз иелік еткен жасөспірім ұсталды.