Газ құбырларын Ұлттық операторға беру рәсімі жеңілдетілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Оның айтуынша, Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен заң жобасы газ саласындағы бірқатар өзгерісті көздейді. Соның ішінде газ құбырларын мемлекеттік меншіктен газ және газбен жабдықтау саласындағы Ұлттық оператордың меншігіне беру тетігін жетілдіру қарастырылған.

– Газ құбырларын мемлекеттік меншіктен газ және газбен жабдықтау саласындағы Ұлттық оператордың меншігіне тікелей өтеусіз беру, беру мерзімдері мен рәсімдерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, - деді спикер.

Вице-министрдің мәліметінше, заң жобасы сонымен қатар тауарлық газ тұтынуды есепке алуды цифрландыруды, газды тиімді пайдалану тетіктерін енгізуді және газбен жабдықтау сапасын арттыруды көздейді.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергиясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 11 маусымда Парламент Сенатында екі оқылымда қабылданды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының қол қоюы күтіліп отыр.

Еске салайық, Қазақстанда 2035 жылға дейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеру жоспары әзірленді.