Газ тарату компанияларының газ құбырына тікелей қосылуы заңнамалық тұрғыда бекітілмек

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жеке инвестор инвестициясын қайтарғаннан кейін газ құбырларын газ тарату ұйымының меншігіне беруге міндетті болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

— Жыл сайын елді мекендерді газдандыруға елеулі көлемде бюджет қаражаты бөлінеді. Алайда салынған нысандардың бір бөлігі уақытылы пайдалануға берілмей отыр. Негізгі себептер — жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқылықтары. Олар көбінесе нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады. Сондай-ақ газбен жабдықтау объектілерін беру рәсімінің шамадан тыс созылуы, — деді депутат газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстыра келе.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бүгінгі таңда объектіні беру бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады. Соның салдарынан салынған көптеген объекті жергілікті атқарушы органдардың балансында қалып, тиісті техникалық қызмет көрсетусіз отыр. Ең қиыны тұрғындар дер кезінде көңілдір отынды пайдалана алмауда.

Осы мәселені шешу мақсатында заң жобасы аясында мынадай шаралар ұсынылады:

— бюджет қаражаты есебінен салынатын объектілер бойынша жобалау тапсырмасын жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенге дейін QazaqGaz-бен міндетті түрде келісу;
— құрылыс барысында техникалық мониторинг жүргізу;
— электр желілері саласындағы тәжірибе бойынша, объектілерді жергілікті атқарушы органдардан тікелей QazaqGaz балансына беру арқылы тапсыру рәсімін жеңілдету.

— Сонымен қатар, делдалдардың пайда болуы да өзекті мәселе болып отыр. Тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі орын алуда, бұл «қос тарифтің» қолданылуына әкеледі. Мұндай схемалардан делдалдар пайда көріп, қаржылық жүктеме тұтынушылардың, негізінен халықтың мойнына жүктеледі. Осындай тиімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында газ тарату компанияларының магистральдық газ құбырына міндетті түрде тікелей қосылуын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады, — деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жеке инвесторларға қатысты мәселе де өзекті болып отыр. Олар газдандырылмаған көшелер мен тұрғын алаптарға газ құбырларын салады. Алайда өз шығындарын өтегеннен кейін пайдалану шығындарын көтергісі келмей, желілерді иесіз күйде қалдырады. Бүгінгі таңда мұндай желілердің жалпы ұзындығы 4 000 шақырымнан асады.

— Осы мәселені шешу үшін жеке инвесторды инвестициялары қайтарылғаннан кейін газ құбырларын өзі қосылған газ тарату ұйымының меншігіне беруге міндеттейтін норма енгізу ұсынылады, — деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, тауарлық газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеке және коммуналдық тұтынушылар үшін сараланған тариф саясатын құруға бағытталған заң жобасына қатысты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.