Газа билігі MSF клиникасына жасалған соққыны халықаралық деңгейде тергеуді талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі Израиль армиясының Газа қаласындағы «Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) халықаралық ұйымының клиникасына жасаған соққысына қатысты тәуелсіз халықаралық тергеу комиссиясын құруды талап етті. Ведомство оқиғаға кінәлілерді халықаралық сот органдары алдында жауапқа тартуға шақырды, деп жазды Анадолы.

Фото: Анадолы

Министрліктің мәлімдемесіне сәйкес, екі күн бұрын жасалған шабуыл салдарынан MSF ұйымының екі қызметкері қаза тапқан. Ведомство бұл оқиғаны медициналық және гуманитарлық қызметке, денсаулық сақтау жүйесі мен оның қызметкерлеріне қарсы жасалған бірқатар әрекеттің жалғасы деп бағалады.

— Медициналық мекемелерге, олардың қызметкерлері мен гуманитарлық сала өкілдеріне шабуыл жасау — медициналық бөлімшелер мен онда жұмыс істейтін мамандардың қорғалуына кепілдік беретін Женева конвенциялары мен халықаралық гуманитарлық құқықты тікелей бұзу, — делінген министрлік мәлімдемесінде.

Ведомствоның пікірінше, Израильдің медициналық және гуманитарлық ұйымдарға қарсы шабуылдарының жалғасуы халықаралық қауымдастыққа құқықтық әрі моральдық жауапкершілік жүктейді. Министрлік мұндай жағдайларда жай ғана айыптау мәлімдемелерімен шектелмей, шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

Осыған байланысты Газа Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық қауымдастықты, Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) және құқық қорғау ұйымдарын медициналық мекемелерді, медицина қызметкерлері мен гуманитарлық сала өкілдерін қорғау үшін дереу әрекет етуге шақырды.

Сондай-ақ министрлік MSF клиникасына жасалған шабуылды және Израильдің бұған дейін медициналық мекемелерге жасаған соққыларын тексеру үшін тәуелсіз әрі ашық халықаралық комиссия құруды талап етті.

Комиссия оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жауапты тұлғаларды белгілеуі және оларды тиісті халықаралық сот органдары алдында жауапқа тартуды қамтамасыз етуі керек.

Бұдан бөлек, Газа Денсаулық сақтау министрлігі MSF ұйымымен ынтымақтастық білдіріп, оның сектордағы медициналық қызметін жалғастыруы үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы 27 қарашада Газа қаласындағы клиникасына Израиль армиясы соққы жасағанын хабарлаған болатын. Ұйымның мәліметінше, қолданыстағы атысты тоқтату режиміне қарамастан, шабуыл салдарынан оның екі қызметкері қаза тапқан.

MSF деректеріне сәйкес, 2023 жылғы қазаннан бері Газа секторында Израиль шабуылдары салдарынан ұйымның 17 қызметкері қаза тапқан.

Израиль армиясы соққы жасағанын растағанымен, қаза тапқандардың «ХАМАС мүшелері болғанын және MSF ұйымында жұмыс істегенін» мәлімдеді.

Бұған дейін Газада қаза тапқан «Шекарасыз дәрігерлер» қызметкерлерінің саны 17-ге жеткенін жаздық.