Газа гуманитарлық қорының басшысы қаржыландыру көзі туралы ақпарат беруден бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – «Gaza Humanitarian Foundation» (GHF) ұйымы БҰҰ мен гуманитарлық топтардың сынына ұшырады. Себебі ұйым Израильден тәуелсіз емес деп танылды. GHF-ті Израиль мен АҚШ бірлесіп қолдап отыр, деп хабарлайды NBC News.
Газа секторындағы гуманитарлық көмек тарату пункттерінде қайталанып жатқан қанды қақтығыстар мен зорлық-зомбылық оқиғалары GHF («Gaza Humanitarian Foundation») қорының қаржыландыру көзі мен Израильден тәуелсіздігіне қатысты күмәнді күшейтті.
GHF басшысы Джонни Мур ұйымның демеушілерін неге жасырын ұстайтындарын былай түсіндірді.
— Көптеген жекеменшік қор сияқты, біз де донорларымызды жарияламаймыз. Біз не істесек те, не айтсақ та, ол біздің миссиямыздан назарды бұрады. Ал біздің жалғыз мақсатымыз — Газадағы тұрғындарды тамақтандыру, деді ол.
Израиль бұл ұйымды қаржыландырып, бақылайды деген айыптарға Мур «Менің білуімше, бұл — Израиль үкіметі қаржыландырмайтын, тәуелсіз бастама» деп жауап берді.
БҰҰ мен бірнеше ірі гуманитарлық ұйым GHF-пен ынтымақтастықтан бас тартып отыр. Себебі ұйым гуманитарлық қағидаларды бұза отырып, көмек алушыларды таңдауда Израильге шешім қабылдау құқығын беріп қойған. Бұл жағдай Газада жаппай қоныс аударуға себеп болып, көмек тек кейбір аймақтарда шоғырланып жатыр. Халықаралық құтқару комитетінің аға вице-президенті Киран Доннелли GHF-тің азық-түлік тарататын пункттерінің тым аз екенін, бұл палестиналықтардың өміріне қауіп төндіретінін айтты. Оның айтуынша, ешбір гуманитарлық ұйым мұндай жүйені ұсынбайды.
Кейбір ауыр жарақат алған немесе мүгедек азаматтар көмек алу үшін қауіпті аймақтар арқылы ұзақ жол жүріп, аптап ыстықта жаяу баруға мәжбүр. Бұл да жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
Өткен айда Израиль парламентінде сөйлеген оппозиция жетекшісі Яир Лапид, нақты дәлелдер келтірместен, премьер-министр Биньямин Нетаньяху үкіметін шетелдік делдал компаниялар арқылы GHF-ті қаржыландырып отыр деп айыптады. Ал өткен аптада Израильдің мемлекеттік Kan телеарнасы аты аталмаған үкімет өкілдеріне сілтеме жасап, Израиль билігінің аталған ұйымға жүздеген миллион шекель бөлгенін хабарлады. Алайда Израиль үкіметі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.
TRIAL International құқық қорғау ұйымы GHF-тің Женевадағы кеңсесіне байланысты Швейцария үкіметін тергеу жүргізуге шақырды. Аталған ұйымның мәлімдеуінше, азық-түлікке қолжетімділіктің болмауы соғыс қылмысы ретінде қарастырылуы мүмкін.
GHF мәліметінше, олар төрт көмек көрсету пунктінің үшеуін ғана ашқан. Бұл орындарды бұрынғы америкалық әскери мердігерлер мен жақын маңдағы израильдік әскерилер күзетеді. Газаның солтүстік бөлігі әлі күнге дейін ең қауіпті аймақ болып отыр, ол жақта ауыр ұрыстар жалғасып жатқандықтан, көмек көрсету пункті ашылмаған.
Бұған дейін экоактивист Грета Тунберг өз жақтастарын Газадағы соғысты тоқтатып, тұрақты гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету үшін үкіметтерге қысым жасауға шақырған болатын.
Айта кетелік Газада гуманитарлық көмек тарату кезінде 50 шақты адам жараланғаны туралы жазған едік.