Газа мен Батыс жағалаудағы сайлау: Аббас жақтаушылары көпшілік дауыс жинады

АСТАНА. KAZINFORM – Дауыс беру соғыс, Газадағы халықтың аз қатысуы және ХАМАС тарапынан бойкот жағдайында өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: WAFA

Демалыс күндері Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторында муниципалдық сайлау өтті.

Al Jazeera арнасының хабарлауынша, Палестина ұлттық әкімшілігінің (ПҰӘ) президенті Махмұд Аббасты жақтаушылар көпшілік орынға ие болды.

Хабарланғандай, Газа секторында сайлау шамамен жиырма жыл ішінде алғаш рет өтті. Дауыс беру тек анклавтың орталық бөлігіндегі Дейр-эль-Балах қаласында өтті және сынақ және көбіне символикалық сипатқа ие болды.

ПҰӘ Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Дейр-эль-Балахтағы муниципалдық кеңесте 15 орын үлестірілген. ФАТХ қозғалысы қолдаған тізім алты мандатқа, ал жергілікті тұрғындар мен талдаушылар ХАМАС-пен байланыстыратын тізім тек екі орынға ие болды.

Қалған мандаттар екі тәуелсіз топ – «Дейр-әл-Балах болашағы» және «Бейбітшілік және құрылыс» арасында бөлінді.

Газа секторында дауыс беру тек Дейр-эль-Балах қаласында өтті, себебі ол 2023 жылдың қазан айынан бері өтіп жатқан Израиль әскери операциясы барысында анклавтың басқа аймақтарына қарағанда аз зиян шеккен деп бағаланды.

Комиссия басшысы Рами Хамдаллах Рамаллада өткен баспасөз мәслихатында соңғы қорытынды кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.

Палестина сайлау комиссиясының мәлімдемесіне сәйкес, Батыс жағалауда дауыс беру жергілікті 183 кеңесте өтті, ал 197 билік органында кандидаттар дауыс берусіз сайланған. Барлығы 522 мыңға жуық сайлаушы қатысты, жалпы қатысу шамамен 54-56% құрады.

Палестина президенті Махмұд Аббастың Фатх қозғалысы басым болып отырған Иордан өзенінің Батыс жағалауында ХАМАС қозғалысы сайлауды бойкоттады. Ақыры Аббасқа жақын кандидаттар муниципалитеттердің көбінде айтарлықтай бәсекесіз жеңіске жетті.

Газа секторында сайлаушылардың қатысуы Батыс жағалауға қарағанда айтарлықтай төмен болды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, тіркелген 70 мыңға жуық сайлаушының шамамен 22,7-23%-ы Дейр-эль-Балахта дауыс берді, ал Батыс жағалауда дауыс беруге тіркелген шамамен 1,5 млн азаматтың 56%-ға дейіні қатысты.

Хабарланғандай, Газа секторында сайлаушылардың аз қатысуы ескірген халық тізілімін пайдаланумен, сондай-ақ жаппай қоныс аудару және әскери іс-қимылдар салдарымен байланысты болды.

ПҰӘ өкілдері сайлауды өткізу «ерекше жағдайлар» және өтіп жатқан шайқастарға қарамастан мүмкін болғанын атап өтті.

Аббас палестиналықтарды жергілікті сайлаумен құттықтап, оның ұлттық және демократиялық өмір үшін маңыздылығын атап өтті.

Байқаушылар сондай-ақ Газа секторында дауыс беру айтарлықтай шектеулерге ұшырағанын жеткізді. Израильдің шектеулеріне байланысты кейбір сайлау жабдықтары анклавқа жеткізілмеді, ал WAFA агенттігі жергілікті тұрғындар бюллетеньдерді өздері басып шығарып, дауыс беру жәшіктерін өздері дайындауға мәжбүр болғанын атап өтті.

DW хабарлауынша, БҰҰ-ның оккупацияланған Палестина аумақтары бойынша гуманитарлық үйлестірушісі Рамиз Алакбаров сайлау палестиналықтардың ерекше қиын кезеңде демократиялық құқықтарын жүзеге асыруы үшін маңызды мүмкіндік болғанын мәлімдеді.

Палестина сайлау комиссиясы дауыс беру «Палестина халқының өз жерінде қалуына және елін дамытуға деген ерік-жігерін көрсететінін» мәлімдеді.

- Негізгі идея – Батыс жағалау мен Газаны бірыңғай жүйеге саяси біріктіру, - деп мәлімдеді сайлау комиссиясының өкілі Фарид Таамалла.

Палестина билігі Дейр-эль-Балахта дауыс беруді Газа секторы мен Батыс жағалауы арасындағы байланысты көрсету және ФАТХ пен ХАМАС арасында 2007 жылдан бері жалғасып келе жатқан саяси бөлінуге қарамастан болашақта біріккен Палестина мемлекеті идеясын атап өту әрекеті ретінде қарастырып отыр.

Осыған дейін Газа секторында қаза тапқандар саны 72 553 адамға жеткенін жаздық.