Газа секторына бес мәрте әуеден гуманитарлық жүк түсірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Иордания Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.
Иордания Израиль блокадасы салдарынан ашаршылыққа ұшыраған Газа секторына бір күн ішінде бес рет әуеден гуманитарлық көмек жіберілгенін хабарлады.
Иорданияның ресми ақпарат агенттігі PETRA-ның хабарлауынша, Иордания Қарулы күштері «бауырлас және достас елдердің» қатысуымен Газа секторына бес мәрте әуеден гуманитарлық жүк түсірген.
Агенттік мәліметінше, гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 36 тонна. Бұл операция Газа секторындағы күрделі гуманитарлық жағдайда көмек көрсету мақсатында халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылған.
Операцияға Иордания Корольдік Әскери-әуе күштерінің екі ұшағы қатысқан. Солардың бірінде Anadolu агенттігінің тілшісі Лейс әл-Джунейди де болып, Газа секторына парашютпен гуманитарлық көмек түсіру процесін және Израиль тарапынан қираған аумақтарды әуеден бейнетаспаға түсірген.
1 тамыз күні БАӘ Сыртқы істер министрлігі БАӘ мен Иордания Франция, Германия, Италия және Испаниядан келген жеті ұшақтың қатысуымен Газаға гуманитарлық көмекті әуеден түсіргенін мәлімдеді.
Израиль армиясы өткен жұма күнінен бастап шетелдік мемлекеттерге Газа секторына әуеден көмек жеткізуге рұқсат беретінін жариялады.
Алайда, Израиль қолданған аштық жағдайындағы Палестина аумақтарына әуеден түсірілген жүктер кей кездері бейбіт тұрғындардың үстіне құлап, адам өліміне алып келген.
Кейбір көмектер теңізге құлаған. Аштыққа ұшыраған бейбіт халық теңіз жағасына қарай ағылып, көмекті алуға тырысқан. Парашютпен көмек түсіру әдісі сынға ұшырап жатыр.
Соңғы күндері Израиль шектеулі түрде Газа секторына гуманитарлық көмектің енуіне рұқсат бергенімен, палестиналықтар мұны «қорлау, алдау және көзбояушылық» деп бағалап отыр.
– Газада ашаршылық дағдарысы орнаған
Израильдің шабуылы мен қатаң блокадасына ұшыраған Газа секторында гуманитарлық апат жайлап келеді: азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық құралдар мен гигиеналық заттар тапшы.
Газада аштықтан көз жұмған адамдар саны артып келеді, олардың көпшілігі – балалар.
Израиль 2023 жылғы 7 қазаннан бастап блокада орнатқан секторда аштықтан көз жұмғандардың саны – 169 адам, оның 93-і – балалар.
Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильді «аштық пен шөлді қару ретінде пайдаланып отыр» деп айыптауда.
Айта кетелік Газа секторына бес елден гуманитарлық көмек жеткізілгені туралы хабарлаған едік.