Газа секторынан әкелінген қазақстандықтардың бала-шағасы босқын мәртебесін ала ма
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Палестинаның Газа секторынан әкелінген Қазақстан азаматтарының бала-шағасына қандай мәртебе берілетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Ол адамдар босқын атану үшін Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдарына өтініш жазуы керек. Сол өтініш бойынша комиссия жұмыс істеп, олардың мәртебесін анықтайды. Қазіргі таңда олар - жай ғана эвакуацияланғандар. Қазақстанда туысы барлар туыстарының үйінде. Туысы жоқ азаматтарымызға уақытша баспана берілді. Әрі қарай мәртебесін, басқа да мәселелерді анықтаймыз», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Соның сөзінше, Газадан әкелінген балалар қазақстандықтарға ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің бәрін кедергісіз алады.
«Әрине, бұл жұмысқа адамдардың үлкен шоғыры жұмылдырылған. Қазақстан аумағына келген кезде бірінші кезекте медициналық көмек көрсетілді. Қажет болса әрі қарай да көмек көрсетіледі. Қазақстан төлқұжаты барлар Қазақстан азаматы екені түсінікті. Ал олардың отбасы мүшелері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінен «мәртебе беру» туралы өтінім рәсімдеді. Менің түсінуімше, Қазақстан азаматтарының отбасы мүшесі ретінде белгілі бір артықшылықтары (өзге шетелдіктерге қарағанда – ред.) болады. Оның бәрін жіліктеп айта алмаймын. Заңнамадан қарап білулеріңізге болады», - деді Қайрат Омаров.