Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторында татуласу туралы келісімге қол қойылуы Мысырда өткен самиттің басты оқиғасы болды, деп хабарлайды Kazinfrom агенттігінің меншікті тілшісі.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Мысыр, Қатар мен Түркия басшылары Газада атысты тоқтату туралы келісімдерді бекітетін құжатқа қол қойды. Қол қою рәсімі Қызыл теңіз жағалауында Мысырдың курортты Шарм-эш-Шейх қаласында 13 қазан күні басталған «Бейбітшілік - 2025» халықаралық саммитінің аясында өтті.
Құжатқа қол қоймас бұрын Дональд Трамп оның ауқымды әрі Газа секторының болашағының негізі мен тәртібін айқындайтынын атап өтті.
Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси мәжілісті аша отырып, екі мемлекетті құру шешімі тұрақты бейбіт өмір және Палестина мен Израиль халықтарының үмітін жүзеге асырудың жалғыз жолы болып табылатынын мәлімдеді.
Трамп Мысыр көшбасшысын тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ете алған мықты жетекші екенін айта келе оған алғысын білдірді.
Мысыр президенті де Трампты елдің ең жоғары наградасы - «Ніл орденімен» марапаттады.
Басқосуда Израиль мен ХАМАС өкілдерінің жоқ болғаны талқыланды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі оның жоқтығын иудейлік мейраммен байланыстырды. Алайда ол Дональд Трамптың жеке өзінен шақырту алған болатын.
Болашақ реттеу туралы айта келе АҚШ президенті бейбітшілік жоспарының екінші фазасы басталып кеткенін, территорияны тазалау мен қалпына келтіру қажет екенін жеткізді.
- Газа үлкен жаңартуды қажет етеді,- деді Трамп.
АҚШ көшбасшысы сонымен қатар Иранды бейбіт келісімге келу үшін осы тарихи сәтті пайдалануға шақырды.
- Сіздер дайын болғанда біз де дайын боламыз. Бұл Иран тарихында қабылданған ең мықты шешім болады, - дей келе Тегеран келіссөздерге келісетін болса, санкциялар алынатынын жеткізді.
Шарм-эш-Шейхте құжатқа қол қою рәсімі Дональд Трамптың Израильден басталған Таяу Шығысқа сапарының қорытындысы болды. Ол сапар барысында Кнесетте сөз сөйлеп, «жаңа Таяу Шығыстың тарихи таңы» деп мәлімдеді.
Газа секторы бойынша келісімге қол қою аясында Тель-Авивте отбасы мүшелері бір-бірімен қауышып жатты. ХАМАС қозғалысы кепілген алынғандардан қалған 20 адамды босатты. Ал Израиль келісімнің бірінші кезеңінің аясында бір топ палестиналық тұтқынды босатты.