Газа секторында азық-түлік бағасы 527 пайызға өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Газаның сауда-өнеркәсіп палатасы Израиль блокадасының салдарынан экономика секторы құлап, азық-түлік бағасы 527 пайызға өскенін мәлім етті, деп жазады Анадолу.
Израиль тауарлардың кіруіне жол бермей отыр, өз кезегінде ол сауданы шектеп, бағаның күрт өсуіне ықпал етті. Палата Израильді аштықты қару ретінде пайдаланды және халықаралық құқықты бұзды деп айыптады.
2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылдан кейін Газада 52 24 адам мерт болған. Атысты тоқтату туралы режимнің уақыты өткен соң, яғни 18 наурыздан бастап, Израиль шабуылдарды қайта бастады. Осы уақыт аралығында 2025 палестиналық мерт болды. Олардың басым бөлігі әйелдер мен қарттар, 5 мыңнан астам адам жарақат алды. Күніне онда орташа алғанда 90 адам мерт болады.
Қатар премьер-министрі Мұхаммед бин Абдуррахман Әл Сани аштықты қару ретінде пайдалану әрекетін айыптап, Газаға гуманитарлық көмек жеткізу үшін Израильге қысым жасауға шақырды.
Ол Қатардың Мысырмен бірге соғысты тоқтатып, кепілге алынғандарды босату бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Әл Сани сонымен қатар Қатардың Сирияны қалпына келтіруді қолдайтынын және ол елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге қарсы екенін мәлімдеді, Сирияға қарсы санкцияны алып тастауға шақырды.
ХАМАС пен Израиль арасындағы келіссөздер Қатар мен Мысырдың делдалдығымен жалғасып жатыр. Әл Сани Қатардың АҚШ-тағы студенттердің наразылықтарына қатысы бар деген айыпты мойындамады. Ол елдің барынша ашық әрекет ететінін жеткізді.
Осыған дейін ХАМАС кепілге алынғандарды босатып, бес жылға татуласуға дайын екендігін мәлімдегені туралы жаздық.