Газа секторында құмды дауыл соқты

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторында құмды дауыл соғып, палестиналықтардың жағдайын нашарлатты, деп хабарлайды Anadolu.

Екі күнге созылған дауыл мыңдаған отбасы тұратын тозығы жеткен шатырларды зақымдады. Палестиналық WAFA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қою шаң мен аспанға көтерілген құм бүкіл анклавты басып қалды. Уақытша шатырлы лагерьлерде тұратындар зардап шекті.

Дереккөздің хабарлауынша, респираторлық дертке шалдыққан палестиналықтар қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Олар қатты жел мен шаңның әсерінен далада немесе бұзылған шатырларда тұруға мәжбүр. Құмды дауыл ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылардың жағдайын одан әрі күйретіп жатқаны атап өтілді. Бұл жағдайға созылмалы өкпе ауруымен ауыратындар алаңдап отыр.

Бұрын Израильдің шабуылдарына төтеп берген палестиналықтар азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттардың тапшылығына байланысты күрделі қиындықтарға тап болған. Ауа райының салқындығы мен қолайсыз климаттық жағдайлар халықтың тұрмысын әлсіретіп жіберді.

Айта кетейік, ХАМАС-тың Газа секторындағы өкілі Хазем Қасем Израильді қоныс аударған палестиналықтарға қарсы жаңа шабуыл жасады деп айыптап, бұл оқиғаны келісімдерді өрескел бұзу деп атады. Оның айтуынша, оқиға Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына бірнеше күн қалғанда болған.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 6 қазанында Израиль мен ХАМАС делегациялары Мысыр, Катар, АҚШ және Түркия медиаторларының қатысуымен жанжалды реттеу бойынша жанама келіссөздерді қайта бастады. 9 қазанда тараптар АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. 10 қазанда атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді.