Газа секторындағы ахуал: Араб мемлекеттері лигасы БҰҰ-ға жаңа үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM - Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне (БҰҰ ҚК) Израильдің Газа секторында шабуылдарын тоқтатуға қатысты шешім қабылдауға үндеді, деп хабарлайды Anadolu Agency.

Фото: www.aa.com.tr

АМЛ Палестинаның үндеуімен өзінің тұрақты өкілдерінің шұғыл жиынын өткізді. Марокконың төрағалығымен өткен отырыс АМЛ-дың Каирдегі штаб-пәтерінде өтті.

«АМЛ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау міндеттерін орындауын және Израильдің Палестина халқына қарсы жүйелі және ауқымды қылмыстарын тоқтату үшін міндетті шешім қабылдауын талап етті», — делінген АМЛ отырысының қорытындысы бойынша мәлімдемеде.

АМЛ Құрама Штаттар мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қос стандарттарды қолданып, Израиль басқыншылығын қолдайтын елдерді халықаралық құқыққа сәйкес ұстанымда болуға және Газа секторында атысты толық және тұрақты түрде тоқтатуға шақырды.

Бұдан басқа, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдерді Израильдің Палестина халқына қарсы шабуылдарын тоқтату, Газа секторынан кету, эксклавтың қоршауын алып тастау және оның палестиналықтарды мәжбүрлі көшіру бойынша жоспарлары мен күш-жігеріне тосқауыл қоюды тоқтататын ұстаным танытуға үндеді.

Араб мемлекеттері лигасы, сондай-ақ, Израильдің басып алынған Батыс жағалаудағы қылмыстарының күшеюін, соның ішінде палестиналық босқындар лагерлері мен инфрақұрылымдарын жүйелі түрде қиратуын, сондай-ақ Израильдің «Әл-Ақса» мешітін 100 күннен астам қоршауын айыптады.

Сонымен қатар, хабарламада Халықаралық қылмыстық сотта Израильдің әрекеттерін Палестина халқына геноцид деп тану туралы Оңтүстік Африка Республикасының Израильге қарсы шағымы қанағаттандырылғанына ризашылық білдіріліп, Израиль жазадан құтылмауы үшін оған қатысты көп шағым түсіру үндеуі айтылды.

АМЛ халықаралық соттарды қандай да бір саяси идеялар ықпалына түспей, шағымдар бойынша істерді тезірек тергеп, шешім қабылдауға шақырды. Палестинаның АМЛ-дағы тұрақты өкілі Мухеннед әл-Аклюктің 17 қаңтарда хабарлауынша, Рамалла АМЛ-ды Израиль шабуылдары бойынша шұғыл отырыс ұйымдастыруға үндеді.