Газа секторындағы ауыр науқастанған палестиналықтар Түркияға жеткізілді

Түркия Денсаулық сақтау министрлігі Газа секторындағы ауыр жарақат алған палестиналықтарды түрік медициналық мекемелеріне жеткізу гуманитарлық әрекетін жасады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Anadoly

Министрлік өз кезегінде соғыс кезінде зардап шеккен палестиналықтарға медициналық көмек көрсету мәселелерін талқылауға арналған кездесулер, дипломатиялық байланыстар нәтиже бергенін атап өтті. 

Мұндай шара алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Газа секторынан шығарылған науқастар Мысыр арқылы Түркияға келді. Олар Түркияның денсаулық сақтау министрі Ф.Коджамен бірге Түркия президенті әкімшілігі мен ұлттық қорғаныс министрлігіне тиесілі арнайы ұшақпен жеткізілді. 

Фото: Anadoly

Ұшу кезінде Түркия денсаулық сақтау министрі Ф.Коджа палестиналық науқастармен жеке танысты. Ол бұдан былай түрік тарапының Газа секторындағы созылмалы дертке шалдыққандар мен ауыр жараланған палестиналықтарды Түркияға жеткізуге бар күш-жігерін салатынын баса айтты. 

Орақ жасушалы анемиямен ауыратын 17 жастағы Махмуд Кадир Ибрахим Эбу Неданың ем алып жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болған. Ол Газа секторындағы Түрік-Палестина достық ауруханасынан ем алған. Медициналық мекемеге шабуыл жасалған кезде ол және басқа науқастар сол ауруханада болған. Жарылыстан кейін не істерлерін білмей абдырап қалған науқастар енді ем алуды Түркияда жалғастырады.