Сәрсенбі күні Израильдің Газа қаласындағы полиция бөлімшесіне жасаған әуе соққысынан тоғыз палестиналық қаза тауып, тағы 15 адам жараланды. Бұл туралы медициналық дереккөздерге сілтеме жасаған палестиналық WAFA агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, қаза тапқандардың денелері мен жараланғандар «Аш-Шифа» медициналық кешеніне жеткізілген. Жараланғандардың басым бөлігінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Газа секторының Ішкі істер министрлігі шабуылдың нысанасы полиция бөлімшесі болғанын мәлімдеп, Израильді анклавтағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты деп айыптады.
Израиль қорғаныс армиясы соққы жасағанын растады. Израиль тарапының мәлімдеуінше, шабуылдың нысанасы қарулы топ мүшелері болған. Алайда әзірге Израиль тарапы қосымша мәлімет берген жоқ.
Сәрсенбі күні Газа секторының орталық бөлігіндегі Нусейрат ауданында мотоциклге де жеке соққы жасалды. Палестиналық БАҚ-тың хабарлауынша, салдарынан бір адам қаза тапқан. Израиль әскері бұл жағдайда да нысана қарулы топ мүшесі болғанын мәлімдеді.
18 тамыздағы соққылардан кейін қайта шабуыл жасалып отыр. Сейсенбі күні Израиль әскери-әуе күштері Газа қаласының батысындағы балықшылар порты аумағында орналасқан кафеге соққы берген. Жергілікті дәрігерлердің мәліметінше, алты палестиналық қаза тауып, тағы 14 адам жараланған.
Соғыс басталғалы бері порт аумағы үй-жайын тастап, басқа жерге көшуге мәжбүр болған палестиналық отбасылардың көптеп орналасқан жеріне айналған.
Израиль әскері соққының нысанасы ХАМАС қолбасшылары мен басқа да қарулы топ мүшелері болғанын мәлімдеді. Израиль тарапының айтуынша, олар Израиль әскери қызметшілеріне шабуыл жасауға дайындалып жатқан.
Израиль армиясының мәліметінше, олардың бірі 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылға қатысқан.
Бұл соққылар АҚШ-тың Газа секторына қатысты жоспарының келесі кезеңін жүзеге асыру мәселесіне байланысты тараптар арасында келіспеушіліктер жалғасып жатқан тұста жасалды. Негізгі даулы мәселе — ХАМАС-тың қарусыздануы мен Израиль әскерінің Газа секторынан әрі қарай шығарылуының қайсысы бірінші орындалуы тиіс екені.
Жуырда АҚШ президентінің кеңесшісі Джаред Кушнер Мысыр мен Израильге барып, ХАМАС өкілдерімен және Израиль басшылығымен келіссөздер жүргізді.