Газада 60 мыңдай баланың дұрыс тамақтана алмауына байланысты денсаулығы мәз емес

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторына азық-түлік пен дәрі-дәрмектің кіруіне тосқауыл қойлғандықтан тамаққа мұқтаж жандардың денсаулығы зиян шегіп жатыр. Бұлай жалғаса беретін болса, жағдай күрделене түседі, деп жазды Анадолы эксклавтың Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Газадағы 60 000-ға жуық бала дұрыс тамақтануға мүмкіндіктері жоқ болуы себепті денсаулығына қатысты күрделі мәселелер туындап отыр. Бұл туралы Израиль 2 наурыздан бері гуманитарлық көмектің кіруіне тосқауыл қойып отырған эксклавтағы жағдай туралы хабарлаған Газа секторындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.

Азық-түлік пен дәрі-дәрмектің эксклавқа әкелінуіне тосқауыл қою жеткіліксіз тамақтанудан зардап шегетін адамдар санының артуына әкелуі мүмкін, деп ескертті Денсаулық сақтау министрлігі.

— Эпидемиялық ауруларға қарсы маңызды вакциналарды, әсіресе балаларға арналған полиомиелитке қарсы вакцинаны жеткізуде кедергі бар. Бұған қоса сапалы тамақ пен ауыз су тапшы. Бұл денсаулығы сыр беріп отырған балалардың жағдайын одан бетер қиындатып отыр, — деп жазады басылым.

Бұған дейін БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыс жөніндегі агенттігі (UNRWA) гуманитарлық көмектің кіруіне бес апта бойы шектеу қойған Израильдің қатаң блокадасы балаларға қатты әсер еткенін хабарлады.

Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс күн сайын ушыға түсті

Израиль Хамаспен 42 күнге созылған атысты тоқтату және тұтқын алмасу келісімінің бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін 2 наурызда Газа секторына гуманитарлық көмек әкелуді тоқтату туралы шешім қабылдады.

2,3 миллион халқы бар Газа секторындағы 2 миллиондай адам Израильдің 2023 жылдың 7 қазанында басталған әскери шабуылдары салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Израильдің соққылары азаматтық инфрақұрылымдар мен ауруханаларды қиратып, Газа секторы гуманитарлық апатқа ұшырады. Өңірде су мен жарық өшірілуі, шекаралық өткелдердің жабылуы эксклав тұрғындарының ауыр тұрмысын одан әрі нашарлатып отыр.

18 наурыз күні таңертең Израиль армиясы 19 қаңтарда Газа секторында күшіне енген атысты тоқтату келісімін бұзып, жаппай шабуылдарын қайта бастады.

Израиль армиясы қайта шабуылдағалы 1449 палестиналық қаза тапты, олардың көпшілігі қарттар, әйелдер мен балалар, тағы 3647 жаралы адам бар екені айтылды. 

2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарын салдарынан көз жұмған палестиналықтардың жалпы саны 50 810-ға, жараланғандар саны 115 688-ге жетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ Конгоның 28 миллион тұрғыны азық-түлікке мұқтаж екенін хабарлағанын жазған болатынбыз.