Газада 65 000-нан астам бала аштық салдарынан емделіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Газа үкіметінің хабарлауынша, блокададағы Газа секторындағы 65 000-нан астам бала Израильдің үздіксіз шабуылдары мен қоршауларына байланысты тамақтанбау салдарынан пайда болған сырқаттарына ем алуға мәжбүр, деп жазды Анадолы.
Газа үкіметінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде Израильдің соққылары мен қатаң қоршауының аймақтағы балалар алдында тұрған гуманитарлық апатты айтарлықтай нашарлатқаны атап көрсетілді.
— Израиль аштық пен шөлді қарапайым халыққа қарсы жүйелі қару ретінде қолданады — бұл халықаралық гуманитарлық құқықты тікелей бұзу, — делінген мәтінде.
Қатаң қоршау және бақылау-өткізу пункттерінің жабылуы Газадағы санитарлық және медициналық жағдайды апатты деңгейге жеткізді, деп атап өтті Газа үкіметінің баспасөз қызметі.
Билік өкілдерінің айтуынша, жағдай әсіресе осал топтар – балалар мен сәбилер арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Соңғы апталарда жоқшлыққа байланысты тамақтанбау жағдайлары күрт өскен.
Мәлімдемеде 65 000-нан астам бала ауруханаға жатқызылғаны айтылған.
Сонымен бірге Газа секторындағы шамамен 1,1 миллион бала күн сайын аштықпен бетпе-бет келеді.
Мәлімдемеде сондай-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмек және су тапшылығы салдарынан жүздеген мың балалар, әйелдер мен қарттардың өміріне қауіп төндіретін гуманитарлық апатқа Израильдің жауапты екені баса айтылды.
Бұған қоса, Палестина билігі халықаралық қауымдастық пен тиісті ұйымдарды әрекетсіз деп айыптап, олардың үнсіздігі мен Израиль басшыларын жауапқа тартпауы заң бұзушылықтардың жалғасуына ықпал етіп, бейбіт тұрғындардың азап шегуін күшейтетінін айтты.
Мәлімдеме арқылы Израиль шенеуніктерінің халықаралық соттарда соғыс қылмыстары үшін жауап беруі талап етті. Израильдің Палестина аумақтарын басып алуының халықаралық құқықты бұзу екенін растаған Халықаралық сот шешіміне де қолдау білдірілді.
Газа үкіметі барлық шекаралық өткелдерді дереу ашу, сондай-ақ гуманитарлық көмектің, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің, әсіресе балалар мен ауыр науқастардың кедергісіз кіруін талап етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Газа секторындағы гуманитарлық көмек таусылып, аштық күшейіп бара жатқанын жазған едік.