АСТАНА. KAZINFORM — Газа қаласында бұған дейін әскери қимылдар кезінде зақымданған тұрғын үй ғимаратының үйінділерінің астында қалған адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Фото: x.com/nowgnna
Газа қаласының батыс бөлігінде сәрсенбіге қараған түні алты қабатты тұрғын үйдің опырылуы салдарынан кемінде 20 палестиналық қаза тапты. Қаза болғандардың арасында бес бала бар. Бұл туралы Al Jazeera Палестинаның Азаматтық қорғаныс қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомствоның соңғы мәліметінше, тағы 14 адам жарақат алған. Азаматтық қорғаныс өкілі Махмуд Басальдың айтуынша, үйінді астында тағы жүзге жуық адам қалуы мүмкін. Қазір іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Ғимаратта соғыс салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған отбасылар паналаған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, үй бұған дейін Израильдің әуе шабуылынан зақымданып, соның салдарынан ғимарат құрылымдарында жарықтар пайда болған. Үйдің опырылуы түнгі сағат бір шамасында, адамдар ұйықтап жатқан кезде болған.
Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған Ғаза азаматтық қорғанысының қызметкерлері, Мысырдың төтенше жағдайлар қызметі және БҰҰ бөлімшелерінің мамандары қатысып жатыр.
Бейнежазбалардан құтқарушылар мен жергілікті тұрғындардың үйінділерді, соның ішінде қолмен тазалап жатқанын көруге болады. Кадрлардың бірінде құтқарушылар үйінді астынан тірі қыз баланы алып шыққан. Оқиға куәгерлері мен құтқару жұмыстарына қатысушылардың айтуынша, қираған құрылымдардың астынан әлі де көмек сұраған адамдардың дауысы естіліп жатыр.
БҰҰ Даму бағдарламасының Газадағы өкілі Алессандро Мракич үйінділерді тазарту жұмыстарына экскаваторлар тартылғанын, алайда қолда бар техниканың жеткіліксіз екенін айтты.
Махмуд Басальдың айтуынша, көптеген тұрғын басқа баспана, уақытша орналастыру орталықтары және тұруға жарамды шатырлар болмағандықтан, апатты жағдайда тұрған ғимараттарды паналауға мәжбүр.
Израиль тарапы ауыр техника мен құрылыс материалдарын жеткізуге қойылған шектеулерді сақтап отыр. Палестина тарапы мен БҰҰ өкілдерінің пікірінше, бұл шектеулер құтқару жұмыстарын жүргізуге және зақымданған үйлерді жөндеуге кедергі келтіреді.
Израиль тарапы өз кезегінде мұндай шаралар қос мақсатта қолданылатын техника мен жабдықтардың ХАМАС қолына түсуіне жол бермеу үшін қажет екенін мәлімдейді.
Ғаза қаласының мэрі Яхья ас-Саррадж жаңа ғимараттардың опырылу қаупі бар екенін ескертті. Оның айтуынша, муниципалдық қызметтер мен азаматтық қорғаныс бөлімшелерінде қажетті техника жеткіліксіз.
Палестина деректеріне сәйкес, Газа секторында зақымданған шамамен 2 мың ғимаратта әлі де адамдар тұрып жатыр. Шатырлар мен гуманитарлық көмектің өткір тапшылығына байланысты отбасылар өз өміріне қауіп төндіре отырып, апатты жағдайда тұрған бетон ғимараттардың қаңқаларын паналауға мәжбүр.
БҰҰ Даму бағдарламасы жүргізген шығынды бағалау барысында опырылу қаупі бар 400 ғимарат анықталған. Ал жергілікті азаматтық қорғаныс органдары Газа секторындағы тұрғындарға қауіп төндіретін апатты ғимараттардың санын шамамен 2 мың деп бағалайды.
Бұған дейін Израиль үкіметінде Газа секторының тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесі әлі де қызу талқыланып жатқанын жаздық.
Атысты тоқтату туралы келісім жасалғанына бір жылға жуықтаса да, Газа секторында жағдай әлі тұрақталған жоқ. Негізгі ұрыс қимылдары тоқтағанымен, әскери операциялар жалғасып жатыр. Бейбітшілік жоспары неге тек қазақ жүзінде ғана қалып отыр?
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Л.Н. Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің магистрі. "Ақпарат саласының үздігі" салалық төсбелгі иегері (2018 ж.)