Газада әуеден тасталған көмек 14 жастағы баланың өмірін жалмады

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Газада әуеден тасталған гуманитарлық жүк жәшігінің құлауынан 14 жастағы жасөспірім қаза тапты, деп хабарлайды Анадолы.

Газаның орталық бөлігінде, Нусайрат босқындар лагерінің маңында гуманитарлық көмекті әуеден тастау операциясы кезінде жәшіктің құлауынан 14 жастағы Мұхаммед Ид есімді жасөспірім қаза тапты, тағы бірнеше адам жарақат алды.

Денсаулық сақтау саласындағы дереккөздердің хабарлауынша, гуманитарлық көмек салынған жәшік босқындар лагерінің маңына құлап, ауыр жарақат алған Мұхаммед Ид Эль-Авде ауруханасына жеткізілгенімен, сол жерде көз жұмған.

Оқиға салдарынан бірнеше палестиналық жарақат алды, олардың кейбірінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Бұл жағдай — 16 шілдеден бері гуманитарлық көмекті әуеден жеткізу кезінде болған төртінші қайғылы оқиға.

Израильдің Газа секторына жасап отырған блокадасы салдарынан туындаған гуманитарлық дағдарыс жағдайында кейбір мемлекеттер көмек жеткізудің осы тәсіліне жүгініп келеді.

Бұған дейін Халықаралық қауымдастық Израильді Газа секторын басып алуды дереу тоқтатуға шақырғанын жазған едік.