Газада ауруханаға жасалған соққыдан екі адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Газадағы индонезиялық ауруханаға жасалған соққы салдарынан кемінде екі науқас қаза тауып, тағы 40 пациент пен медицина қызметкері жараланды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлім етті, деп жазады ТАСС.

Фото: BBC

«Кеше түнде Газадағы индонезиялық ауруханаға жасалған соққыдан 40 науқас пен медицина қызметкері жараланды. Аурухананың генераторына зақым келіп, электр энергиясы өшіп қалған. Соның салдарынан жағдайы ауыр екі науқас көз жұмды», - деп жазды Тедрос Гебрейесус әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар ол бұл өңірде оқ атуды дереу тоқтатуға шақырды.

Айта кетейік, осы аптада Газаға үш айдан кейін алғаш рет әуеден гуманитарлық көмек тасталды.

Куәгерлердің айтуынша, гуманитарлық жүк эксклавтың оңтүстігіндегі Хан Юнус қаласына белгісіз ұшақтардан тасталған. Өкініштісі, гуманитарлық жүк тиелген қораптардың бір бөлігі қоныс аударған палестиналықтардың шатырларына құлап, адамдар мерт болған.