MSF өкілдері Газа секторындағы ұйым клиникаларының біріне жасалған Израиль шабуылы салдарынан күзетші болып жұмыс істеген екі қызметкердің қаза табуына байланысты қайғырып, наразылық білдірді.
Ұйым шабуылдың тікелей MSF нысанасына бағытталғанын атап өтті.
— Осылайша, Газада қаза тапқан MSF қызметкерлерінің жалпы саны 17 адамға жетті, — делінген хабарламада.
Ұйымның мәліметінше, медициналық мекемелерде MSF логотиптері анық көрсетілген.
— Бұған қоса, мекемелеріміздің орналасқан жері туралы ақпарат Израиль армиясына алдын ала берілген және оларға белгілі болған. Қаза тапқан әріптестеріміздің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеміз, — деп мәлімдеді ұйым.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус те анклавтағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
— Газадағы медициналық мекемелерге, медицина қызметкерлері мен гуманитарлық ұйым өкілдеріне жасалған шабуылдар жол беруге болмайтын әрекет әрі үлкен наразылық тудырады, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Гебрейесус MSF ұйымындағы әріптестеріне және қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, өзгелердің өмірін құтқару үшін өз өмірін қатерге тігетін адамдар шабуылға ұшырамауы керектігін және олардың қорғалуға тиіс екенін атап өтті.
— Бұл шабуылдар дереу тоқтатылуы керек, — деп мәлімдеді ДДСҰ басшысы.
Бұған дейін Газада 2 миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж екенін жаздық.