Газада қол-аяғы жоқ науқастар көбейді - дәрігерлер басқаша емдеу жолын таппай жатыр

Газа секторында Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс жағдайында дәрігерлер консервативті емнің орнына ампутацияны көбірек таңдап жатыр, себебі ауруханалардың тиісті ем көрсету үшін қаражаты жоқ. Kazinform агенттігі бұл туралы Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Еuronews

Ампутация - адам өмірін сақтап қалу тәсілі, сонымен бірге адам мүшесін сақтап қалу үшін тиісті ем көрсете алмау символы.

ДДҰ мәліметінше, Израиль мен ХАМАС арасындағы әскери қақтығыстың осы кезеңінде ампутация жарақат алған 50 мыңнан астам палестиналықтың көбіне жасалды.

Дейр-эль-Балах қаласындағы ауруханада сауығып кетудің әртүрлі кезеңдерінде ондаған адам жатыр.

Шайма Набахин Израильдің әуеден жасаған шабуылы кезінде бір аяғынан айырылды.

«Мен үшін бәрі өзгерді. Мен өмірімнің барлық саласын басқара алатын сау адам болудан мұқтаж жанға айналдым», - деді ол.

Оның қасындағы төсекте жатқан Наваль Джабер қос аяғынан айырылды.

«Жарақат өмірімді өзгертті, оны ұрлады, мені сал етті. Мен жүруді, ең болмағанда тұруды армандаймын, бірақ жасай алмаймын. Балаларыма көмектескім келеді, бірақ ол да қолымнан келмейді», - деді ол көзіне жас алып.

Медицина сарапшыларының пікірінше, көптеген науқастарды ампутация жасамай, консервативті емдеуге болады, бірақ анклавта ол үшін еш жағдай жоқ. Соғыс салдарынан кейбір ауруханалар жабылды, басқалары толып, дәрі-дәрмек пен қызметкерлердің тапшылығын сезілуде.