Газада соғыс басталғалы Энтони Блинкен Таяу Шығысқа 11-ші рет бара жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен дүйсенбі күні бір апталық сапармен Израильге және бірнеше араб елдеріне барады. Оның сапары сондай-ақ Израильдің осы айдың басында баллистикалық зымырандық шабуылы үшін Иранға жауап қайтару мүмкіндігін қарастыруымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Фото: Secretary Antony Blinken/ Х

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен дүйсенбі күні Израйль мен өзге де бірқатар араб елдеріне бір аптаға іссапарға барады. 

Оның Таяу Шығысқа сапары өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден Израильдің ХАМАС әскери ведомствосының басшысы Яхья Синварды өлтіргеннен кейін Блинкенді аймаққа жіберетінін мәлімдегеннен кейін күтілген еді. Шолушылардың пікірінше, бұл бірнеше ай бойы кейінге қалдырылған атысты тоқтату ұсынысы бойынша жаңа келіссөздерге апаратын қадам болуы мүмкін.

Блинкеннің өзі Израильге және аймақтағы басқа елдерге «Газадағы соғысты тоқтату, кепілге алынғандарды отбасыларына қайтару және Палестина халқының қайғы-қасіретін жеңілдету маңыздылығын қарқынды талқылау үшін» баратынын мәлімдеді. 

Мемлекеттік департамент оның сапары Израильден басталатынын хабарлады, бірақ басқа нақты бағыттарды атаған жоқ. Сейсенбіде Блинкен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және президент Ицхак Герцогпен кездеседі.

«Аймақта Блинкен қақтығыс аяқталған жағдайдағы жоспарлар мен «палестиналықтарға өз өмірін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жаңа жолды дамыту қажеттілігін» талқылайды», — деді Мемлекеттік департаменттің өкілі Мэтью Миллер.