Министрлік жанындағы қалпына келтіру тобының жетекшісі Руқия Әбу ар-Рубтың айтуынша, анклав тұрғындарының 94 пайызы баспана мен тұрмыстық қажеттіліктерге мұқтаж.
Оның сөзінше, қыс мезгілінің басталуымен мәжбүрлі түрде қоныс аударған палестиналықтардың жағдайы қиындай түскен. Бұған Израиль шабуылдарының жалғасуы, паналайтын орындардың тапшылығы және қажетті құрылыс материалдарын жеткізуге қойылған шектеулер әсер етіп отыр.
Қазіргі уақытта Газада уақытша шатырларды нығайту және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сыйымдылығы 4 мыңнан асатын 23 уақытша орналастыру орталығы ашылған. Тағы 13 орталықты іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Алайда қабылданып жатқан шаралар халықтың барлық қажеттілігін өтеуге жеткіліксіз.
Сонымен қатар Газа үкіметінің баспасөз қызметі алдағы жаңбыр мен дауылға байланысты дайындық деңгейі күшейтілгенін хабарлады.
Жергілікті билік анклавқа уақытша баспаналарды жабдықтау және жылытуға қажетті материалдарды, суды сорып шығаратын құрылғылар мен жанармай жеткізуді талап етті.
Еске салайық, қараша айының басында нөсер жауын салдарынан Газада мәжбүрлі түрде қоныс аударған палестиналықтар тұрып жатқан 70 мың шатырды су басқан болатын.
Бұған дейін Газада қаза тапқан «Шекарасыз дәрігерлер» қызметкерлерінің саны 17-ге жеткенін жаздық.